Қазақстан-Италия байланысы: Энергетикадан стратегиялық дәлізге дейін

Бүгін Астанаға ресми сапармен Италия президенті Серджо Маттарелла ат басын бұрды. Бұл сапар – Қазақстан мен Италия арасындағы көпжылдық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам. Екі елді стратегиялық әріптестік, терең экономикалық байланыстар және Орта дәліз секілді ірі жобалардағы ортақ мүдделер біріктіреді. BAQ.KZ тілшісі Қазақстан мен Италия қарым-қатынасындағы дипломатия, сауда, инвестиция және Орта дәліз жобасына қатысты негізгі аспектілерді саралап көрді.

Дипломатиялық қарым-қатынастың басталуы

Қазақстан мен Италия Республикасының арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың тамыз айында орнатылды. Сол жылдың қазан айында Италия Қазақстанда өз елшілігін ашты, ал Қазақстанның Италиядағы елшілігі 1996 жылы жұмысын бастады.
2009 жылы екі мемлекет арасында стратегиялық әріптестік туралы мемлекетаралық шартқа қол қойылды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Италияға ресми сапарларын 1994 жылдың қыркүйегінде, 1998 жылдың қыркүйегінде, 2003 жылдың ақпанында және 2009 жылдың қарашасында жасады.

1997 жылдың мамыр айында Италия Президенті Оскар Луиджи Скальфаро Қазақстанға жауап сапарымен келді. Әр жылдары елімізге сондай-ақ Италия Министрлер кеңесінің төрағалары Романо Проди, Сильвио Берлускони, Марио Монти және Маттео Ренци ресми сапармен ат басын бұрды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 1997 жылы Италияға Сыртқы істер министрі ретінде, ал 2018 жылы Парламент Сенатының Төрағасы ретінде іссапармен барды. Қазақстан Президенті сонымен қоса 2024 жылы қаңтарда Италияға ресми сапар жасады.

1991 жылы ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан мен Италия екіжақты қатынастарды дамыта бастады. Ынтымақтастық саясат пен қауіпсіздік салаларымен ғана шектелмей, экономикаларының бірін-бірі толықтыру мүмкіндігіне сүйене отырып, энергетика және сауда бағыттарына да ерекше назар аударылды.

 

Сауда айналымы: экспорт пен импорт

Италия – Қазақстанның әлемдегі үш ірі сауда серіктесінің қатарына кіреді және Еуроодақ елдерінің ішінде бірінші орынды иеленеді.
2022 жылы екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 54 пайызға жуық өсіп, 14,9 млрд долларға жетті. Соның ішінде экспорт көлемі 13,8 млрд долларды құрады. Бұл соманың басым бөлігін шикі мұнайдан түскен кіріс құрайды – барлығы 18,2 млн тонна мұнай жөнелтілді.

Қазақстан Италияға не тасымалдайды:

  • шикі мұнай – 13,3 млрд доллар;
  • ферроқорытпа – 161,9 млн доллар;
  • бидай мен меслин – 85,1 млн доллар;
  • мыс – 84,8 млн доллар;
  • өңделмеген алюминий – 84,2 млн доллар.

Сонымен қатар өңделмеген мырыш пен қорғасын, қымбат бағалы металдардың сынықтары, мазут және көтергіш крандар жеткізілді.

Қазақстан Италиядан не сатып алады:

  • дәрілік заттар – 132,6 млн доллар;
  • ауа және вакуумдық сорғылар – 71 млн доллар;
  • крандар, клапандар, вентильдер және басқа да арматура түрлері – 59,6 млн доллар;
  • медициналық және ғылыми мақсаттағы биоматериалдар – 22,9 млн доллар;
  • құбырларға арналған фитингтер – 22,3 млн доллар;
  • құбырлар мен түтіктер – 19,5 млн доллар.

 

Инвестициялар мен бірлескен жобалар

2005 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта Италиядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 7,3 млрд долларды құрады. Елдер бойынша қарастырғанда, бұл көрсеткіш бойынша Италия 12-орында тұр.

Қазақстан мен Италия энергетика, табиғи ресурстарды барлау және өндіру, құрылыс, сауда, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм салаларында белсенді ынтымақтастық орнатқан.

Елімізде италиялық капиталдың қатысуымен шамамен 270 компания тіркелген. Қазақстанда италиялық компаниялардың қатысуымен бірқатар ірі инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асуда. Соның ішінде Ақтөбе облысындағы жел электр станциясы, Қостанай облысындағы тракторлар мен комбайндар өндірісі бар.

 

Италия – Еуропадағы басты сауда серіктестерінің бірі

Бүгінде Италия Орталық Азия елдерінің ең ірі еуропалық сауда серіктестерінің қатарында. Халықаралық сауда орталығының деректеріне сәйкес, 2024 жылы ЕО мен Орталық Азия арасындағы саудада Италияның үлесі 12,1%-ды құрады. Сол жылы Орталық Азия мен Италия арасындағы тауар айналымы 6,9 млрд долларды жетті (2023 жылы – 7,1 млрд доллар, 2022 жылы – 5,7 млрд доллар).

Бұл ретте Қазақстанның үлесі аймақ пен Италия арасындағы сауда айналымының шамамен 85%-ын құрады. Ең көп қазақстандық экспорттық өнімді сатып алатын ел – Италия. Қазақстан Италияға 4,2 млрд доллардың шамасында шикі мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттады.

Ұлттық Банктің деректеріне сәйкес, 2005 жылдан бері Италияның Қазақстан экономикасына құйған инвестициясы 7,7 млрд долларға жеткен.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы 19,9 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен (16,1 млрд доллар) салыстырғанда 24%-ға жоғары.

2018 жылдан бері Италия Қазақстаннан импорт көлемі бойынша барлық елдер арасында көшбасшы орынды сақтап келеді. Ал жалпы тауар айналымы жағынан Астана үшін үшінші орында тұр, Ресей мен Қытайдан кейінгі көрсеткішке ие.

 

Орта дәліз және стратегиялық серіктестік

2020–2024 жылдар аралығында Италия Қазақстан экспортының негізгі бағыттарының бірі болды. 2023 жылы Қазақстаннан Италияға экспорттың үлесі жалпы көлемнің 18,9%-ын құрап, 2024 жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай өсіп, 24,2%-ға жетті.

Осылайша, Италия қазақстандық экспортты ең көп импорттайтын елдердің рейтингінде бірінші орынға шықты. Италия Қазақстаннан темір, қорғасын, болат, мырыш және қалайы сияқты шикізат өнімдерін барған сайын көп көлемде импорттап отыр.

Қазақстан мен Италия алдағы жылдары өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін ортақ мүдделерді бөліседі. Ортақ басымдықтардың бірі – Қазақстанның Шығыс пен Батысты жалғайтын баламалы сауда жолын дамытуға арналған Орта дәліз жобасындағы негізгі буын ретіндегі рөлін ілгерілету.

Бұл жоба байланыстырушы инфрақұрылымды құру үшін қаржылық инвестицияларды тартуды көздейді. Италиядағы сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев италиялық компанияларды осы стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қатысуға шақырды. Оның айтуынша, бұл қадам Қазақстанның Шығыс пен Батыс арасындағы сауда торап ретіндегі позициясын күшейте түседі.

 

Экономика мен жаңа мүмкіндіктер

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Еуропалық және Америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Әлішер Әбдірешев президенттер арасындағы келіссөздер барысында талқыланатын тақырыптар өте көп екендігіне тоқталды. Жалпы алғанда, Италия әлі де Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Екіжақты экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Соңғы 20 жылда Италия Қазақстан экономикасына 7,5 млрд доллардан астам инвестиция салды. Бүгінде елімізде 250-ге жуық италиялық компания табысты жұмыс істеп отыр.

Алдағы келіссөздерде сын-қатері жоғары салаларға назар аударылатыны анық. Олардың қатарында – стратегиялық маңызы бар шикізат материалдары, машина жасау, көлік-логистика саласы, мұнай-химия өнеркәсібі және жеңіл өнеркәсіп. Яғни сөз екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге қатысты болмақ, - деді сарапшы.

Айтуынша, маңызды бағыттардың бірі – жасанды интеллект. Қазақстан бұл салаға ерекше мән беріп отыр. Туризм мен білім беру саласы да ынтымақтастықтың басты бағыттарының қатарында. Бұған қосымша мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға да көңіл бөлінуде. Мысалы, жуырда Астанадағы көшелердің біріне атақты саяхатшы Марко Полоның есімін беру бастамасы жарияланды. Бұл Қазақстанның Италиямен мәдени ынтымақтастықты тереңдетуге мән беріп отырғанын көрсетеді.

Сарапшы атап өткендей, Италияның Қазақстанға деген қызығушылығы айқын әрі прагматикалық сипатқа ие.

Өйткені былтыр екі ел арасындағы жалпы тауар айналымы 20 млрд долларға жуықтады. Оның ішінде Қазақстан экспорты 18 млрд долларды құрады. Бұл – орасан зор көрсеткіш. Бүгінгі таңда Италияға жеткізілетін импорттың 90 пайызы шикі мұнайға тиесілі. Бұл шамамен Италия импорттайтын мұнайдың жалпы көлемінің 15 пайызын құрайды. Сонымен қатар Қазақстан Еуропа үшін аса маңызды минералдар мен сирек жер элементтерін жеткізетін әлеуетті серіктес бола алады. Бұл ресурстар – «жасыл» технологияларды дамытуда шешуші рөл атқаратын негізгі компоненттер, - деп пікір білдірді Әлішер Әбдірешев.

 

Маттарелланың сапарынан не күтеміз?

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Еуропалық және Америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Әлішер Әбдірешевтің айтуынша, Италия президентінің Қазақстанға ресми сапары еліміздің Еуропалық одақтағы рөлін арттыруда маңызды қадам саналады. Бүгінде Еуропа елдері энергия мен сауда бағыттарын әртараптандыруға мүдделі, ал Қазақстан бұл үдерісте Транскаспий дәлізі және бай ресурс әлеуеті арқылы басты ойыншыға айналып отыр.

Қазақстан мен Италия арасындағы байланыс тек жекелеген кездесулер шеңберінен шығып, тұрақты әрі сенімді дәстүрге айналды. Биыл көктемде Президент Тоқаев Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонимен кездессе, енді міне Президент Серджо Маттарелламен келіссөздер жүргізуде. Бұл – қарым-қатынастың жоғары деңгейде жүйелі жалғасып келе жатқанын білдіреді, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар ол Италия президентінің мәртебесіне де тоқталды.

Конституцияға сәйкес, президент – ұлттық бірліктің дауысы. Ал Премьер-министр елдің саяси бағытын айқындайды. Қазақстанның екі тараппен де белсенді жұмыс жүргізуі серіктестіктің беріктігін айқындайды, - деді Әлішер Әбдірешев.

Сарапшының пікірінше, Италияның «Үлкен жетілік» мүшесі ретінде Еуропада да, АҚШ-пен қарым-қатынаста да салмағы жоғары. Сондықтан Астананың Риммен стратегиялық байланыстарды нығайтуға ұмтылысы Қазақстан үшін ұзақмерзімді және тиімді әріптестікке жол ашады.

Қазақстан мен Италияның әріптестігі бүгінгі таңда тек сауда мен энергетика шеңберінен шығып, стратегиялық деңгейге көтерілді. Экономикалық әртараптандыру, «жасыл» технологиялар мен Орта дәліз жобасы – екі елдің болашағы үшін ортақ басымдықтар. Бұл сапар – Қазақстанның Еуропамен, соның ішінде Италиямен ұзақмерзімді әрі сенімді серіктестік орнатуға ұмтылысының айқын дәлелі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы