Қазақстан–Иордания: жаңа дәуірдегі аймақаралық серіктестік

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан Иордания королінің сапары екі ел арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтермек. Шығыстанушы-арабтанушы Жанат Момынқұлов бұл серіктестіктің стратегиялық маңызына тоқталып, алдағы сапардың екі ел үшін ғана емес, тұтас аймақаралық байланыстар үшін де маңызды қадам болатынын атап өтті.

Қазақстан мен Иордания секілді әртүрлі аймақтарда орналасқан мемлекеттер үшін өзара серіктестік қаншалықты тиімді және бұл ынтымақтастық қандай халықаралық трендтермен сәйкес келеді?

Қазақстан мен Иорданияның серіктестігі географиялық алшақтық пен аймақтық ерекшеліктеріне қарамастан өзара толықтырушы сипатқа ие. Қазіргі халықаралық жүйедегі геосаяси тұрақсыздық пен санкциялық шиеленістер екі елді де жаңа экономикалық серіктестер іздеуге итермелеуде. Бұл ретте Орталық Азия елдері жеткізу тізбектерін әртараптандырып жатқанда, Иордания тұрақты құқықтық базасы бар инвестициялық әрі сауда серіктестерін іздеп отыр. Мұндай үрдіс екі аймақ арасындағы серіктестіктің стратегиялық маңызын күшейтіп, ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарады.

Иорданияның сыртқы саясаты «ізденіс пен барлау» кезеңінен нақты іс-қимылдарға өтіп, жаңа нарықтарға бағытталса, Қазақстан да сенімді әріптестер табу мақсатында Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдерімен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуде. Теңгерімді саясаты арқылы екі ел де исламның толерантты моделін, мәдениетаралық келісім мен бейбіт қатар өмір сүру принциптерін ілгерілетіп, мұсылман әлеміндегі халықаралық беделін арттыруда.

Сонымен бірге, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен жаңа көлік-логистикалық дәліздер тек екі елді ғана емес, тұтас аймақтарды байланыстыра алады. Қазақстан үшін Амман – Таяу Шығыстағы саяси салмағы жоғары ел әрі ықпалды Хашими әулетінің отаны, ал Иордания үшін Қазақстан – Еуразия кеңістігіндегі маңызды транзиттік хаб. Әсіресе Палестина мәселесінде Иорданияның ерекше орны бар. Сондықтан Қазақстан мен Иордания серіктестігі жаһандық инвестиция тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және логистика бағытындағы өзекті халықаралық трендтермен үндесіп отыр.

Иордания королінің сапары аясында Қазақстанның Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдері арасындағы дипломатиялық «көпір» ретіндегі рөлі арта түсті деп айта аламыз ба?

Әрине, Қазақстанның Таяу Шығыс аймағы үшін стратегиялық маңызы барған сайын артып келеді. Бұл сапар Астананың аймақаралық дипломатиялық хабқа айналып келе жатқанының нақты көрінісі. Қазақстанның геосаяси орналасуы оған Шығыс пен Батыстың, Ресей, Қытай және мұсылман әлемінің мүдделерін теңгерімде ұстауға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Иордания АҚШ пен Еуропамен тарихи серіктестігін сақтай отырып, араб әлемінде тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды ойыншы болып қала береді. Сондықтан екі елдің жақындасуы Таяу Шығыс пен Орталық Азия арасындағы стратегиялық көпірді нығайтып, Қазақстанның тек транзиттік емес, сонымен бірге саяси диалог алаңы ретіндегі мәртебесін күшейтуге жол ашады.

Иордания Қазақстан үшін медицина, фармацевтика, білім беру және туризм салаларында жаңа нарықтарға жол ашатын «Шам қақпасы» қызметін атқара алады. Ал Қазақстан Иордания және Араб елдері үшін ТМД кеңістігіне шығатын транзиттік платформа бола алады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапарды ұйымдастырудағы бастамасы мен дипломатиялық тәсілдері оның сыртқы саясаттағы стратегиялық ұстанымын қалай көрсетеді?

Бұл сапарды Қазақстанның сыртқы саясаттағы прагматикалық әрі көпвекторлы бағытының жалғасы деп бағалауға болады. Ақпан айында Амманда өткен келіссөздер осы сапардың негізін қалап, қазіргі кездесу сол уағдаластықтарды нақты іске асыруға бағытталып отыр. Бұл Президенттің ұзақ мерзімді әрі жүйелі дипломатиясының айқын көрінісі.

Қазақстан ірі державалар арасындағы шиеленістер жағдайында бейтарап ұстанымды сақтап, әріптестік байланыстарды барынша әртараптандыруға ұмтылады. Мұндай саясат елдің тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, экономиканы жаңа бағыттарда дамытуға да мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Астана инновация, жасыл энергетика, жасанды интеллект және жаңа технологияларға инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлуде.

Иорданиямен серіктестікті нығайту Тоқаевтың Орталық Азияны Таяу Шығыс пен Еуразияны байланыстыратын стратегиялық аймақ ретінде орнықтыруға бағытталған ұмтылысының көрінісі. Бұл бастама тек экономикалық емес, мәдени-гуманитарлық байланыстарды да кеңейтіп, екі аймақты жақындатуға ықпал етеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы