3 Тамыз 2026, 12:58 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

«Қазақстан инвестициялық серпіліс жасады»: Сарапшылар шетелдік капиталды тартудың басты себептерін атады

Рейтингтегі серпіліске не әсер етті? 

Қазақстан инвесторлар үшін ең қауіпсіз елдер рейтингінде 17 сатыға көтерілді. Бұл нені білдіреді және ел осы қарқынды сақтай ала ма? BAQ.KZ тілшісі мамандардың пікіріне сүйеніп, мәселенің мән-жайына үңілді.

Соңғы бірнеше жылда Қазақстан экономикасына инвестиция тарту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналды. Бұл бағыттағы өзгерістер енді халықаралық бағалаулардан да көріне бастады. Ел инвесторлар үшін ең қауіпсіз мемлекеттер рейтингінде бірден 17 сатыға жоғарылап, 70-орыннан 53-орынға көтерілді. Осы көрсеткіш Қазақстанды Орталық Азиядағы көшбасшы ел ретінде танытты.

Экономикадағы оң өзгерістер рейтингпен ғана шектелмейді. Биылғы жылдың алғашқы алты айында Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард АҚШ долларынан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,6 пайызға артқан. Ал жеке инвестициялардың 21 пайыздан астам өсуі бизнестің ел экономикасына деген сенімінің күшейгенін аңғартады.

Халықаралық қаржы ұйымдарының болжамдары да осы үрдісті қуаттай түседі. Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасы биыл 4,6 пайызға өседі деп болжап отыр. Дүниежүзілік банк те алдағы жылдары тұрақты экономикалық өсім сақталатынын мәлімдеді.

Бүгінде инвестиция негізінен өндіріс, құрылыс, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар салаларына бағытталып жатыр. Бұл экономиканы әртараптандыруға, жаңа өндірістер ашуға және шикізатқа тәуелділікті біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында бірқатар жаңа тетіктер іске қосылды. Қазір Инвестициялық штаб пен Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жұмыс істейді. Стратегиялық инвесторларға ұзақ мерзімді тұрақты шарттар ұсынылады. Жыл басынан бері осындай 57 инвестициялық келісім жасалған. Бұдан бөлек, Altyn Visa бағдарламасының енгізілуі шетелдік инвесторлар мен жоғары білікті мамандардың Қазақстанда жұмыс істеуі мен мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін жеңілдетті.

Елдің инвестициялық тартымдылығы халықаралық рейтингтерде де көрініс тапты. Fitch Ratings, S&P Global Ratings және Moody’s агенттіктері Қазақстанның инвестициялық деңгейдегі рейтингін сақтап қалды. Ал IMD жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан 34-орынға көтерілсе, Жаһандық бейбітшілік индексінде 56-орынға жайғасты.

Алайда бұл көрсеткіштердің артында қандай факторлар тұр? Қазақстанның рейтингтегі жоғарылауы жүргізілген реформалардың нақты нәтижесі ме, әлде оған сыртқы жағдайлар көбірек әсер етті ме? Экономикалық зерттеулер институтының мамандары бұл сұраққа жан-жақты жауап берді.

«Рейтингтің өсуі кездейсоқ емес»

Экономикалық зерттеулер институты Сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының аға сарапшысы Меруерт Манапова Қазақстанның бір жыл ішінде 17 сатыға жоғарылауын кездейсоқ құбылыс деп бағалауға болмайтынын айтады. Оның сөзінше, бұл көрсеткіш ел ішінде жүргізілген реформалардың да, халықаралық жағдайдың да ықпалымен қалыптасқан.

Қазақстанның 70-орыннан 53-орынға көтерілуі – ішкі реформалар мен сыртқы факторлардың қатар әсер еткен нәтижесі. Бұл рейтинг салыстырмалы сипатқа ие болғандықтан, мемлекеттің орны тек өзінің жетістіктерімен ғана анықталмайды. Басқа елдердегі экономикалық, қаржылық және геосаяси тәуекелдердің өзгеруі де жалпы рейтингке ықпал етеді. Сондықтан Қазақстанның жоғарылауын тек сыртқы жағдаймен немесе тек ішкі реформалармен байланыстыру дұрыс болмайды. Бұл – бірнеше фактордың тоғысуынан туған нәтиже, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, соңғы жылдары елде инвестициялық тәуекелдерді азайтуға бағытталған нақты құралдар жүйелі түрде енгізіліп келеді. Әңгіме тек жаңа бағдарламаларды қабылдау туралы емес, инвесторлардың жұмысын жеңілдететін нақты тетіктер жайында болып отыр.

– Қазір Инвестициялық штаб жұмыс істейді, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа кезең-кезеңімен дамып келеді. Инвестициялық келісімдер жасалып, инвесторларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу механизмі енгізілді. Бұдан бөлек, 2025 жылдың соңында 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат әкімшілік кедергілерді азайтуды, өңірлердің жауапкершілігін күшейтуді, қажетті инженерлік инфрақұрылымды дамытуды және жобаларды кешенді сүйемелдеумен айналысатын Kazakhstan Investment House құруды көздейді, – дейді Меруерт Манапова.

Сарапшының пікірінше, мұндай халықаралық рейтингтер инвесторлар үшін жай статистика емес, инвестициялық шешім қабылдау кезінде назар аударатын маңызды көрсеткіштердің бірі.

Шетелдік инвесторлар бірнеше елдің мүмкіндігін салыстырғанда дәл осындай рейтингтерге сүйенеді. Олар арқылы тәуекел деңгейін бағалап, капиталды қай мемлекетке бағыттау тиімді екенін анықтайды. Қазақстанның рейтингтегі орнының жақсаруы халықаралық компаниялар мен қаржы институттарының елге деген сенімін күшейтеді. Сонымен бірге бұл инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған реформалардың нақты нәтиже беріп жатқанын көрсетеді. Мемлекеттік қолдау тетіктерімен ұштасқанда мұндай бағалау жаңа жобалардың іске қосылуына, өндірістердің кеңеюіне және Қазақстанға қосымша капитал тартуға оң ықпал етуі мүмкін, – дейді сарапшы.

«Ендігі міндет – қабылданған шешімдердің нақты орындалуын қамтамасыз ету»

Экономикалық зерттеулер институты Сауда және инвестициялық саясатты дамыту бөлімінің сарапшысы Жанара Берікқызының айтуынша, инвестиция көлемінің артуы – маңызды көрсеткіш. Дегенмен мұндай оң үрдісті сақтап қалу үшін жаңа бастамаларды көбейтуден бұрын, қолға алынған реформалардың тиімді жүзеге асуына басымдық беру қажет.

2026 жылдың алғашқы жартысында инвестиция көлемінің 20 миллиард доллардан асуы мен жеке инвестициялардың 21 пайыздан астам өсуі ел экономикасына деген сенімнің күшейгенін көрсетеді. Бірақ бұл нәтижені тұрақты үрдіске айналдыру үшін қабылданған шешімдердің толық әрі сапалы орындалуы аса маңызды. Сондықтан бүгінгі таңда негізгі назар 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасын кезең-кезеңімен жүзеге асыруға аударылуы керек. Ең алдымен бизнес үшін тұрақты әрі болжамды орта қалыптастыру, инженерлік және көлік инфрақұрылымын уақытында дайындау, сондай-ақ әкімшілік рәсімдерді одан әрі жеңілдету негізгі басымдықтардың қатарында болуы тиіс, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, қазіргі кезеңде инвестициялық саясаттың тиімділігі жаңа қолдау құралдарының санымен емес, бұрын қабылданған шешімдердің қалай орындалып жатқанымен өлшенеді.

Қазір ең басты міндет – жаңа тетіктер ойлап табудан бұрын, қолданыстағы механизмдердің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Әсіресе бұл мәселе өңірлер деңгейінде ерекше маңызға ие. Инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын мәселелер уақытылы шешіліп, қажетті инфрақұрылым кешіктірілмей тартылса ғана инвесторлардың сенімі нығая түседі. Сондықтан орталық пен өңірлер арасындағы үйлесімді жұмыстың рөлі алдағы уақытта бұрынғыдан да арта түседі, – дейді Жанара Берікқызы.

Сарапшы инвестиция көлемімен қатар оның сапасына да ерекше мән беру қажет екенін айтады. Оның пікірінше, ұзақ мерзімді экономикалық өсім тек қаржы тартумен емес, сол қаражаттың нақты қандай жобаларға бағытталуымен өлшенеді.

Басымдық жаңа өндірістер ашатын, тұрақты жұмыс орындарын құратын, экспорттық әлеуетті күшейтетін, заманауи технологияларды енгізетін және жергілікті жеткізушілердің өнімдеріне сұраныс қалыптастыратын жобаларға берілуі керек. Мұндай инвестициялар экономиканың сапалы дамуына ықпал етеді. Сондықтан тартылатын капиталдың көлемі ғана емес, оның құрылымы мен экономикалық тиімділігі де маңызды көрсеткішке айналады, – дейді ол.

Жанара Берікқызының айтуынша, жеке инвестициялардың 21 пайыздан астам өсуі бизнес өкілдерінің Қазақстан нарығына деген қызығушылығы артып келе жатқанын аңғартады. Ендігі міндет – осы сенімді сақтап қалу.

Ол үшін тек жаңа инвесторларды тартумен шектелуге болмайды. Қазақстанда жұмыс істеп жатқан компаниялардың өндірісін кеңейтуіне, табысын қайтадан ел экономикасына инвестициялауына қолайлы жағдай жасау да маңызды. Егер мұндай үрдіс жүйелі түрде жалғасса, инвестиция көлемінің өсуі уақытша көрсеткіш емес, ұзақ мерзімді экономикалық дамудың тұрақты факторы бола алады, – деп түйіндеді сарапшы.

Инвестициялық бәсекеде нәтиже тұрақтылықпен өлшенеді

Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі позициясының жақсаруы мен инвестиция көлемінің артуы ел экономикасындағы оң өзгерістердің байқала бастағанын көрсетеді. Дегенмен сарапшылар мұны соңғы меже емес, жүргізіліп жатқан реформалардың аралық нәтижесі ретінде бағалайды.

Олардың пікірінше, инвестор үшін ең маңыздысы – болжамды әрі тұрақты орта. Сондықтан қабылданған шешімдердің толық орындалуы, өңірлердегі жұмыстың тиімді ұйымдастырылуы және сапалы инвестициялық жобаларға басымдық берілуі Қазақстанның халықаралық инвестициялық бәсекедегі орнын одан әрі нығайта түсуге мүмкіндік береді.