Кеше 2026, 21:19 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстан инновациялық дамудың жаңа моделіне көшпек

Жоспарланған шаралар инновациялық белсенділікті арттыруға, Қазақстанның жаһандық инновациялық рейтингтердегі позициясын нығайтуға, жаңа өндірістерді дамытуға, жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға және экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық еткен Инновацияларды дамыту жөніндегі кеңестің (Инновациялық штаб) алғашқы отырысы өтті.

Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, өңір әкімдерінің орынбасарлары, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Премьер-министрдің тапсырмасымен құрылған Инновациялық штабтың негізгі мақсаты – инновациялық қызмет саласындағы ведомствоаралық үйлестіруді күшейту және елдің технологиялық даму басымдықтарын айқындау.

Отырыста Қазақстандағы инновацияларды дамытудың тұжырымдамалық бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, өңірлік инновациялық жүйелерді дамыту және кадрлық әлеуетті арттыру мәселелері қаралды.

Жаңа тәсілдің негізгі ерекшелігі – «Инновацияны ғылым арқылы дамыту» моделінен «Ғылымды инновация арқылы дамыту» қағидатына көшу. Бұл дайын технологияларды игеріп, оларды ел жағдайына бейімдеу арқылы отандық ғылымды дамытуға негізделген. Сонымен қатар мемлекет процестерді емес, нақты нәтижелерді қаржыландыруға басымдық береді.

Жоспарланған шаралар инновациялық белсенділікті арттыруға, Қазақстанның жаһандық инновациялық рейтингтердегі позициясын нығайтуға, жаңа өндірістерді дамытуға, жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға және экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Отырыс қорытындысы бойынша Инновацияларды дамыту тұжырымдамасының негізгі тәсілдері мақұлданды. Мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге және бизнес өкілдеріне құжат жобасына қатысты нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Сондай-ақ барлық өңірде ғылыми-технологиялық сессиялар өткізу кестесін әзірлеу тапсырылды. Бұл алаңдар бизнестің нақты технологиялық қажеттіліктерін анықтауға және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтуге бағытталмақ.