Қазақстан Индонезия мен Бразилияға бидай жеткізуді көздеп отыр
Қазақстан Пәкістан, Индонезия, Бразилия және Малайзия нарықтарына бидай жеткізбек. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің дерегінше, еліміздің астық дақылдары бойынша экспорттық әлеуеті 12 млн тонна, оның ішінде 7-7,5 млн тонна бидай, 1,3-1,4 млн тонна арпа, 300 мың тонна жүгері.
Майлы дақылдар бойынша әлеует 1 млн тоннадан асады. Орталық Азия мен Ауғанстанға 4,2 млн тонна бидай жеткізіледі деп күтілуде. Қытайға жалпы астық экспорты 2023 жылы 1,43 млн тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 5,5 есе өскен. Оның ішінде бидайдың үлесі 538,8 мың тонна, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 15 есе артық. Бұл Қытайға экспорт көлемін 1,6 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен, Қытай шекарасындағы кідірістер мен лицензиялау шарттары әлі де шешуді талап етеді, - деді Төребаев.
Қайрат Төребаев бидай экспорты үшін маңызды нарықтарды атады.
Жаһандық сұраныстың артуы және өнімділіктің төмендеуіне байланысты Италия, Латвия, Испания сияқты ЕО елдері маңызды нарықтар болып отыр. Қазақстан үшін бидайды Ресей арқылы транзиттеу және Транскаспий Халықаралық көлік бағыты (ТМТМ) бойынша шығындарды азайту өзекті. Түркия мен Таяу Шығысқа шамамен 1 млн тонна бидай экспорттау мүмкіндігі бар. Бүгінде Иранға арпа жеткізуді қалпына келтіру өте маңызды мәселе, сауда және логистика мәселелері шешілуде. Пәкістан, Индонезия, Бразилия және Малайзия нарықтарында қазақстандық бидай брендін ілгерілету жұмыстары жандандырылады, - деді Сауда және интеграция вице-министр.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрінің республика бойынша дәнді дақылдарды жинау жұмысы аяқталғаны туралы айтқанын жазған болатынбыз.