Қазақстан импорттық өнімдерге тәуелді. Депутат елдегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін көтерді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері мен оларды шешу тетіктерін сенатор Бауыржан Қаниев еліміздің Премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Оның сөзінше, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге байланысты проблемалар - әрқашан ұлттық саясаттың басым бағыты. Ал азық-түлік қауіпсіздігі мемлекеттіктің және тәуелсіздіктің маңызды шарттары ретінде қарастырылды.
Депутаттың статистикалық мәліметінше, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір елге сүт өнімдерінің 23%-ы, құс етінің 38%-ы, шұжық өнімдерінің 44%-ы импортталады. Яғни ел импорттық өнімдерге айтарлықтай тәуелді, бұл мемлекеттің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді, - деді ол.
Бауыржан Қаниевтің баяндауынша, Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігі жеткіліксіз деңгейде. Өйткені азық-түлік өнімдерін қамтамасыз ететін өнеркәсіп кешені соңғы 20 жылда дағдарыстан бас көтермей келеді.
Азық-түлік қауіпсіздігін басқару жүйесін жетілдіруге көбінесе шетелдің тәжірибесін көшіріп, асығыс шешімдер қабылданып келеді. Елдің импортқа тәуелділігін төмендету, Тамақ өнімдері өндірісін дамытуды қамтамасыз ету, экспорт пен импорттың теңгерімді құрылымын сақтау, сондай-ақ азық-түлікпен қамтамасыз етуді тұрақтандыру үшін резервтік қорлар құру орынды, - дейді сенатор.
Оның айтуынша, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік астық ресурстарын және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін қалыптастыру, сақтау және пайдалану мәселелерін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды.
Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаны белгілеу және сауда үстемелерін 15%-дан 10%-ға дейін төмендетуді және елде өндірілмейтін немесе сыртқы нарықтарда аз мөлшерде өндірілетін өнімдерді сатып алу тетігін енгізуді ұсынамыз, - деді депутат.