Қазақстан ХВҚ-мен стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайды — Әлихан Смайылов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайылов бейнеконференция байланысы режимінде Халықаралық Валюта Қоры миссиясының өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесуге ХВҚ-ның Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Николя Бланше, оның орынбасары Алехандро Хайденберг, Еуропа департаментінің аға экономисті Грегорио Импавидо, сондай-ақ Швейцария кіші тобының атқарушы директоры Петр Трабински және ҚР-ның бірқатар орталық мемлекеттік органдарының басшылары қатысты.

Кездесу басында Әлихан Смайылов Қазақстанның ХВҚ-мен стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайтынын атап өтті. Биыл біздің еліміз бен Ұйым арасындағы ынтымақтастыққа 30 жыл толып отыр.

Қазіргі уақытта Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасында белгіленген демократиялық және әлеуметтік-экономикалық қайта құруды іске асыру бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізіп жатыр.

Олар заң шығарушы билікті нығайтуға, құқық үстемдігіне, экономиканы сапалы жаңғыртуға, бәсекелестікті күшейтуге, жеке меншікті қорғауға, демонополизациялауға, мемлекеттің экономикаға шамадан тыс қатысуын азайтуға бағытталған.

ХВҚ Қазақстан экономикасы үшін мүмкіндіктерді кеңейтіп отыр, жаңа реформаларды іске асыру аясында ол біз үшін аса маңызды, — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр Қазақстанның экономиканы декарбонизациялау, көміртекті азайту және фискалдық саясаттың тиімді тетіктерін енгізу бойынша озық халықаралық тәжірибеге мүдделі екенін айтты.

Өз кезегінде Николя Бланше өткен кезеңде ынтымақтастықтың көптеген бағыттары бойынша нәтижелі жұмыс жүргізілгенін атап өтті. ХВҚ Қазақстанға әрі қарай да қолдау көрсетуге дайын.

Кездесуге қатысушылар ХВҚ миссиясының қорытындыларын, макроэкономикалық саясаттың басым бағыттары мен құрылымдық реформалар бойынша ұсынымдарды, ҚР Үкіметінің көміртек салдарын азайту жөніндегі жоспарларын, сондай-ақ Қазақстан мен ХВҚ-ның өзара іс-қимылының алдағы кезеңдерін талқылады.

Мүмкіндікті пайдаланып, ХВҚ-ға біздің жұмысымызға үнемі қолдау көрсететіні үшін алғыс айтқым келеді. Арадағы тиімді ынтымақтастық әрі қарай жалғасады деп сенемін, — деп түйіндеді  Премьер-министр.

Анықтама: Халықаралық Валюта Қоры – 1945 жылғы 27 желтоқсанда валюта-қаржы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, экономикалық проблемалар бойынша бірлескен жұмыс, дебитор елдерге несие және консультациялар беру, сондай-ақ халықаралық қаржы статистикасын жинау және жариялау мақсатында құрылған БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі.

Қазақстан – 1992 жылдан бастап ХВҚ мүшесі. Осы уақыт ішінде біздің еліміз бен Қор арасында бірқатар өзара тиімді келісімдер жасалды. ХВҚ миссиясы жыл сайын консультация беру үшін Қазақстанға келеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы