11 Қараша 2026, 13:45 Фото: gov.kz

Қазақстан халықаралық жүк тасымалын электронды құжатқа көшірмек

Құрылтай «Жүктерді халықаралық жолмен тасымалдау шарты туралы конвенцияға (ЖТШК) электрондық жүкқұжатқа қатысты қосымша хаттаманы» да ратификациялады. Құжат 2008 жылғы 20 ақпанда Женева қаласында қабылданған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қосымша хаттама деректерді электрондық тіркеу және өңдеу технологияларын пайдалана отырып, жүкқұжаттарды электрондық форматта рәсімдеуге мүмкіндік береді. Бұл халықаралық жүк тасымалы саласын цифрлық құжат айналымына көшіруге жол ашады.

Қазақстанның Қосымша хаттамаға қосылуы отандық және шетелдік тасымалдаушылардың жұмыс шарттарын біріздендіруге бағытталған.

Құжатты ратификациялау экономиканы цифрлық трансформациялаудың бір бөлігі ретінде халықаралық автомобиль тасымалдарын цифрландыруды жеделдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қалыптасып келе жатқан еуразиялық көлік дәліздерінің транзиттік әлеуетін арттырып, әртүрлі көлік түрлерінің өзара іс-қимылын жеңілдетуге ықпал етеді. Бұдан бөлек, электрондық жүкқұжаттарды қолдану бақылау рәсімдеріне жұмсалатын уақыт пен еңбек көлемін қысқартуға, құжаттарды басып шығару, өңдеу және архивтеу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде автокөлік кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді.