20 Шілде 2026, 11:21 Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Қазақстан халық партиясының Құрылтай сайлауына ұсынған 72 кандидаты тіркеуге ұсынылды

Құрылтай депутаты болуға үміткерлер Конституцияда және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарға толық сәйкес келуге тиіс.

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан халық партиясының 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына ұсынған партиялық тізімін тіркеу мәселесін қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ОСК мүшесі Әсел Жанәбілованың айтуынша, Қазақстан халық партиясы заңнамада көзделген барлық қажетті құжаттарды белгіленген мерзімде тапсырған.

Атап айтқанда, комиссияға партияның партиялық тізімді ұсыну туралы шешімі, азаматтардың партиялық тізімге енгізілуге келісімі туралы өтініштері, әрбір кандидаттың өмірбаяндық мәліметтері, партия мүшелігін растайтын құжаттар, сондай-ақ кандидаттар мен олардың жұбайларының 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырғанын растайтын мемлекеттік кіріс органдарының анықтамалары ұсынылған. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар кандидаттарға қатысты тиісті анықтамалар қоса берілген.

ОСК мүшесінің сөзінше, Құрылтай депутаты болуға үміткерлер Конституцияда және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарға толық сәйкес келуге тиіс.

Кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуы, ел аумағында соңғы он жыл тұрақты тұруы және жасы кемінде 25-ке толуы қажет. Сонымен қатар сайлау құқығына ие болуы тиіс, – деді ол.

Ол партиялық тізімдерді қалыптастыру кезінде заңда көзделген әлеуметтік квотаның да сақталғанын атап өтті.

Қазақстан халық партиясы 72 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынды. Оның ішінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатына жататын 30 кандидат бар. Бұл жалпы тізімнің 41,17 пайызын құрайды. Осылайша заңда белгіленген кемінде 30 пайыздық квота толық сақталды,– деді комиссия мүшесі.

Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен кандидаттардың Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексерген.

Тексеру нәтижесінде партиялық тізімге енгізілген барлық кандидаттардың Конституцияның және сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келетіні анықталды, – деді Әсел Жанәбілова.

Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 82-бабына сәйкес, Қазақстан халық партиясы 2023 жылғы 19 қарашада өткен Мәжіліс депутаттарының сайлауында сайлаушылардың бес пайыздан астам дауысын алғандықтан, сайлау жарнасын төлеуден босатылады.