20 Қазан 2026, 11:38 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстан Халық Кеңесі өңірлердің ұсыныстарын мемлекеттік деңгейде талқылауға мүмкіндік береді

Қазақстан Халық Кеңесі азаматтық қоғам мен өңірлердің бастамаларын жинақтап, оларды мемлекеттік органдардың қарауына ұсынатын қоғамдық диалог алаңы ретінде жұмыс істейді. Кеңестің қызметі, құрылымы және алдағы міндеттері туралы ҚР Халық Кеңесінің мүшесі, жалпыұлттық бірлік мәселелері жөніндегі салалық комиссияның төрағасы Наринэ Микаелян айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚР Президенттік орталығында Республика күніне арналған «Қазақстанның стратегиялық бағдарлары: тарихи призма арқылы болашаққа көзқарас» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, мемлекеттік органдар мен академиялық ортаның өкілдері қатысты. Жалпы жиынға 60-қа жуық адам жиналды.

Фото: ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Талқылау барысында Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызы, оның қабылдану барысы және Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы рөлі сөз болды. Қатысушылар тарихи жадыны сақтау, жалпыұлттық бірлікті нығайту және елді одан әрі жаңғырту мәселелерін де талқылады.

Наринэ Микаелянның айтуынша, Қазақстандағы конституциялық өзгерістер мен саяси реформалар елдің мемлекеттік институттарын жаңғыртуға және қоғамдық диалогты дамытуға бағытталған. Оның сөзінше, жаңа Конституция қабылданып, парламенттік реформа жүзеге асқаннан кейін мемлекеттік басқару жүйесінде бірқатар өзгеріс болды. Осы үдерістің бір бөлігі ретінде этностық, өңірлік және қоғамдық-саяси өкілдікке негізделген Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастады.

Қазақстан Халық Кеңесінің міндеті қандай?

Спикердің түсіндіруінше, Кеңестің басты ерекшелігі – оның конституциялық мәртебесі және қоғамның түрлі топтарын кеңінен қамтуы. Бұл – азаматтық қоғам мен өңір өкілдерінің ел үшін маңызды мәселелерді талқылауға жүйелі түрде қатысуына арналған тұрақты институт.

Қазақстан Халық Кеңесі заң шығарушы, атқарушы немесе сот билігіне жатпайды. Ол мемлекеттік органдардың міндеттерін алмастырмайды және олардың заңмен белгіленген құзыретіне араласпайды. Кеңестің мақсаты – мазмұнды қоғамдық диалогқа жағдай жасау, азаматтардың сұраныстары мен бастамаларын жинақтау, оларды сараптамалық тұрғыдан пысықтап, мемлекеттік органдардың қарауына ұсыныстар мен ұсынымдар енгізу, – деді Наринэ Микаелян.

Оның айтуынша, Кеңестің негізгі жұмысы сессиялар арасындағы кезеңде Торалқа, тұрақты комитеттер, салалық комиссиялар және консультативтік-кеңесші органдар арқылы жүргізіледі.

Кеңестің құрылымына сессия, хатшылық, Төралқа және үш тұрақты комитет кіреді. Олар қоғамдық бастамаларды дамыту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, сондай-ақ өңірлік даму мен жергілікті өзін-өзі басқару бағыттарын қамтиды.

Атап айтқанда, қоғамдық бастамаларды дамыту комитеті азаматтардың қатысуы, волонтерлік, білім беру, адами капитал және әлеуметтік саясат мәселелерімен айналысады. Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетінің жұмысы мәдениет, азаматтық бірегейлік, спорт, әскери-патриоттық тәрбие, құқықтық мәдениет пен медиация бағыттарын қамтиды. Ал өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитеті өңірлерді дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік жауапкершілік пен экология мәселелеріне назар аударады.

Сонымен қатар Кеңес жанынан үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл кеңесі, «Берлік алқасы», «Медиация алқасы», «Аналар алқасы», «Мәслихаттар алқасы», «Қоғамдық кеңестер алқасы» және медиаклуб секілді консультативтік-кеңесші құрылымдар жасақталған. Олардың құрамына еліміздің түрлі өңірінен сарапшылар енген.

Кеңес өңірлермен байланысты қалай дамытады?

Наринэ Микаелянның сөзінше, Кеңестің басым бағыттарының бірі – жергілікті қауымдастықтармен тұрақты байланыс орнату. Бұл жұмыста мәслихаттар, қоғамдық кеңестер, азаматтық қоғам институттары, кәсіби және сарапшылық қауымдастықтар, этномәдени бірлестіктер негізгі серіктес саналады.

Қазір Кеңес мүшелері өңірлерге барып, қоғамдық алаңдарда кездесулер өткізіп, түрлі іс-шараларға қатысып жүр. Жақында Батыс Қазақстан облысында Кеңес төрағасының қатысуымен «Жаңа қоғамдық этика: мәдениет, әдеп, әдет» атты республикалық форум өтіп, өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен азаматтық қоғам өкілдерімен ашық диалог ұйымдастырылған.

Бұдан бөлек, азаматтардың өтініштерін жолдауға арналған бірыңғай ақпараттық алаң әзірленіп жатыр. Кеңес мүшелерінің азаматтарды жеке қабылдау кестесін қалыптастыру жұмысы да жүргізілуде. Сондай-ақ Кеңес қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнатуға көңіл бөлінген.

Жалпыұлттық бірлік – ортақ міндет

Микаелянның айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесінің маңызды міндеттерінің бірі – жалпыазаматтық бірегейлікті нығайту және түрлі этнос өкілдерін елдің ортақ құндылықтары мен даму мақсаттары төңірегінде топтастыру.

Оның сөзінше, Кеңестің құрылуы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың сабақтастығын сақтай отырып, қоғамдық диалогты дамытудың жаңа кезеңін қалыптастыруға бағытталған. Қазір этномәдени бірлестіктердің Кеңес жұмысына қатысуы жалпыұлттық бірлік мәселелері жөніндегі салалық комиссия арқылы жүзеге асып келеді.

Фото: ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Бұл тәсіл Қазақстан қоғамының мәдени әралуандығына құрметпен қарау мен ел азаматтарының ортақ азаматтық бірегейлік негізінде бірлігін нығайту қағидаттарын ұштастыруға мүмкіндік береді, – деді ол.

Спикердің пікірінше, Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы мен жұмысын ұйымдастыру – конституциялық реформаның практикалық нәтижелерінің бірі. Кеңес азаматтардың бастамаларын талқылауға, оларды сараптамалық тұрғыдан пысықтауға және мемлекеттік органдардың қарауына ұсынуға мүмкіндік беретін жаңа институт ретінде қалыптасып келеді.