Қазақстан Халық Кеңесі аясында Достық үйлері қалай жұмыс істейді?
2026 жылдың қыркүйегінен бастап Достық үйлері Қазақстан Халық Кеңесінің аясына ауысады. Астана қаласы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында олардың негізгі жұмыс бағыттары сақталатынын мәлімдеді.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуына байланысты Достық үйлерінің алдағы қызметі қалай ұйымдастырылады, олардың міндеттері мен қаржыландыру тәртібінде өзгеріс бола ма? BAQ.KZ тілшісі осы сауалдар бойынша Астана мен Алматы қалаларына ресми сауал жолдап, екі мегаполистегі Достық үйлерінің қазіргі жұмысы туралы мәлімет алды.
Негізгі жұмыс бағыттары сақталады
Астана қаласы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ жауабында Достық үйлері жаңа жоғары конституциялық консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі аясында этносаралық келісім мен ұлттық бірлік саясатын дамытуға атсалысатыны көрсетілген.
2026 жылдың қыркүйегінен бастап Достық үйлері жаңа жоғары конституциялық консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесінің аясына ауысады, - делінген ресми жауапта.
Мекеменің түсіндіруінше, Достық үйі қызметінің негізгі бағыттары бұрынғысынша сақталады. Медиация институтын және жастар қозғалысын дамыту, Аналар кеңесі арқылы халықтық тәрбие беру әдістерін таныту, тұрғындарды кеңінен қамтитын ақпараттық жұмыс жүргізу жалғасады. «Жомарт жан» орталығы шеңберіндегі қайырымдылық қызметі де тоқтамайды.
Сонымен бірге Қазақстан Халық Кеңесінің қызметі аясында Достық үйлеріне этносаралық келісім мен ұлттық бірлік саясатын одан әрі дамыту міндеті жүктелмек.
Астанада 25 этномәдени бірлестік жұмыс істейді
Елордада бұл бағыттағы жұмысты Астана қаласы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырады. Мекеме 2014 жылғы 9 қыркүйектегі әкімдік қаулысымен құрылған.
Қазір Астанадағы Достық үйінде 25 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Мұнда Ғылыми-сарапшылық топ, Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Жастар қанаты және медиация кабинеті бар. Сондай-ақ кітапхана, қазақ тілі кабинеті, дыбыс және бейнежазба студиялары жұмыс істейді.
Мекеменің мәліметінше, Достық үйінің қызметі жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Ал этномәдени бірлестіктерді қолдауға бюджетте жеке қаражат қарастырылмаған.
Бюджет қаражаты мемлекеттік тілді, қазақ халқы мен Қазақстан этностарының мәдениетін насихаттауға бағытталған қоғамдық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге жоспарланады, - деп хабарлады мекеме.
Дегенмен ресми жауапта 2026 жылға Достық үйінің қызметіне нақты қанша қаражат бөлінгені көрсетілмеген. Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесінің аясына ауысқаннан кейін қаржыландыру тәртібінің өзгеретін-өзгермейтіні жөнінде мәлімет берілмеді.
Алматыда екі Достық үйі бар
Алматыда екі Достық үйі жұмыс істейді. Оның бірі – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты, сәулет ескерткіші саналатын Республикалық Достық үйі. Екіншісі – Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қалалық Достық үйі.
Қалалық Достық үйі 2021 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында ашылған. Ол түрлі этностардың өзара байланысын нығайтуға, этномәдени бірлестіктердің ақпараттық-түсіндіру, шығармашылық және мәдени қызметін дамытуға арналған алаң ретінде жұмыс істейді.
Ғимаратта этномәдени бірлестіктердің кеңселері орналасқан 24 кабинет бар. Бұдан бөлек, 20-25 адамға арналған конференц-зал, мемлекеттік тілді үйренуге арналған 15-20 орындық оқыту сыныбы, би залы, медиация және Ақсақалдар кеңесінің кабинеттері, қоғамдық қабылдау бөлмесі қарастырылған, - делінген жауапта.
Достық үйінің қызметін Алматы қаласының «Қоғамдық келісім» мекемесі үйлестіреді.
Жыл басынан бері 200-ге жуық іс-шара өткен
Ресми жауапқа сәйкес, 2026 жылдың басынан бері Алматыда этномәдени бірлестіктермен бірлесіп, этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған 200-ге жуық іс-шара өткізілген. Оның 40-ы республикалық, 160-ы қалалық деңгейде ұйымдастырылған.
Алматы қаласы мәслихаты мен «Жастар ассамблеясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен «Қайраткер» жас саясаткер мектебі де іске асырылып жатыр. Ал 2023 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Jastar Generation» халықаралық жастар лагері мен форумы көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, этносаралық диалог пен қоғамдық дипломатияны нығайтуға бағытталған, - деп түсіндіреді әкімдік.
Сондай-ақ Алматы қалалық Достық үйі жанындағы Ақсақалдар кеңесі 2026 жылы 40 іс-шара ұйымдастырған. Оларға үш мыңнан астам адам қатысқан. Кеңес тоғызқұмалақты насихаттау бағытында турнирлер, кездесулер мен оқыту шараларын өткізеді.
Аналар кеңесі жыл басынан бері 52 іс-шара өткізген. Оның бастамалары қатарында «Бөтен балалар болмайды», «Аға ұрпаққа қамқорлық», «Балаларға қуаныш сыйла», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана» және «Мектепке жол» жобалары бар.
Ал «Жомарт жан» орталығы аясында қайырымдылық бастамалары жүзеге асырылып келеді.
Осылайша, Достық үйлерінің Қазақстан Халық Кеңесінің аясына өткеннен кейін де негізгі қызмет бағыттарын жалғастыратынын көрсетеді. Алайда жаңа құрылым аясында олардың ұйымдастырушылық және қаржылық жұмыс тәртібінде нақты қандай өзгерістер болатыны туралы ақпарат ұсынылмады.