Қазақстан халқының саны қанша?
2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еліміздегі халық саны 19 666,8 мың адамды құрады. Оның ішінде қалалықтар –12 131,1 мың (61, 7%), ауылдықтар – 7 535,7 мың адам (38,3%). 2022 жыл басымен салыстырғанда халық саны 163,7 мың адамға немесе 0,8%-ға өсті. BAQ.KZ бұл туралы Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап хабарлайды.
Республика халқының табиғи өсімі 2022 жылғы қаңтар-тамызда 2021 жылғы қаңтар-тамызбен салыстырғанда (178,9 мың адам) 3,6%-ға төмендеп, 172,4 мың адамды құрады. 1000 тұрғынға шаққандағы табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 13,19 адамды құрады.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілерінінің жазбаларындағы мәліметтерге сәйкес, 2022 жылғы қаңтар-тамыз аралығында 263,8 мың сәби дүниеге келді, бұл 2021 жылғы тиісті кезеңге қарағанда 11%-ға аз (296,5 мың адам). 1000 адамға шаққандағы жалпы туу коэфициенті 20,19 туылғандарды құрады.
Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандардың саны – 91,4 мың, бұл 2021 жылғы қаңтар-тамызға қарағанда 22,3%-ға аз (2021 ж. – 117,6 мың адам). Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 7 қайтыс болғандарды құрады.
2022 жылғы қаңтар-тамызда республикада 1 жасқа дейін шетінеген 2208 нәресте тіркелді және 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (2 345 шетінеген нәресте) көрсеткіш 5,8%-ға кеміді. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 туғандарға шаққанда 8,37 оқиғаны құрады.