+1

Қазақстан халқының саны 2050-де қаншаға жетеді?

Қазақстан халқының саны 2050-де қаншаға жетеді?

Сенаттың комитет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин халық санының өсуіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Еңбек министрлігі жыл сайын демографиялық болжамдар әзірлейді, ол халық санының өсетінін көрсетіп отыр.

2050 жылға қарай халық саны 27,5 миллион адамға жетеді деп күтілуде. Алайда бұл өсім аймақтар бойынша біркелкі болмай тұр. Негізгі өсім мегаполистерге, соның ішінде көші-қон есебінен де тиесілі болады. Айта кетсек, тек 2024 жылдың өзінде көші-қон есебінен мегаполистердің халқы 127 мың адамға өсті. Ал солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде керісінше халық азаюы байқалуда. Мұның себебі – халықтың табиғи қозғалысы мен көші-қон үдерістері, – дейді вице-министр.

Солтүстік өңірлерде туу көрсеткіші - төмен. Бұл аймаққа тән құбылысқа айналып барады дейді министрдің орынбасары.

Солтүстік Қазақстан облысында – әр мың адамға шаққанда 9,7 туу, Қостанай облысында – 11. Бұл ретте Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш – 2024 жылы әр мың адамға 18,1 туған. Сонымен қатар солтүстік өңірлерде өлім-жітім жоғары – әр мың адамға 11,5 жағдай, Қостанайда – 10, ал Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш – 6,6. Бұған себеп – халықтың орта жасының жоғары болуы. Солтүстік өңірлерде орта жас – 37 жас, Солтүстік Қазақстан облысында – 39 жас, орталық пен шығыс өңірлерде – 36 жас. Ал Қазақстан бойынша орташа жас – небәрі 32 жас, – деді Анафин.

Оның үстіне, 2050 жылға қарай Қазақстан халқының орташа жасы 33 жасқа дейін өседі деп күтілсе, солтүстік өңірлерде – 41 жасқа, ал орталық пен шығыста – 40 жасқа дейін ұлғаяды.

Мәселен, 2024 жылы солтүстік өңірлерде еңбекке жарамсыз жастағы (зейнет жасынан асқан) халықтың үлесі – 17%, ал Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш – 11%. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш солтүстікте 22%-ға дейін, республика бойынша 14%-ға дейін өседі деп күтілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: архив
Өзгелердің жаңалығы