«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Маңғыстау облысында екі қайырымдылық спорт залы ашылды
Маңғыстау облысының Сенек және Үштаған ауылдарында балаларға арналған қайырымдылық спорт залдары ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ
Залдар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «24 балалар спорт залы» жобасы аясында жарақтандырылды. Қор қаражаты есебінен бокс, күрес және басқа да спорт түрлерімен айналысуға арналған спорттық құрал-жабдықтар мен жабдықтар сатып алынды. Күрес кілемдері мен сөмкелер, еден жабындары, жаттығу манекендері, сондай-ақ гантельдер, бокс қолғаптары мен шлемдер, жабдықтар, арқандар, спорттық жинақтар және т.б. сатып алынды. Бастаманы іске асырудағы Қордың серіктесі «Батыр боламын!» қоры жобаның ұйымдастырушылық мәселелерімен айналысады. Екі залды жабдықтауға «Қазақстан халқына» қоры 18,2 миллион теңге бағыттады.
Залды осылайша жабдықтағаны үшін «Қазақстан халқына» қорына көп рахмет айтқым келеді. Мен ММА-мен 3-4 жылдан бері айналысып келемін, енді одан жақсы жаттығу өткізетін боламыз, – деді Сенек ауылындағы залдың тәрбиеленушісі Ислам Әлімхан.
Ашылу салтанаты аясында бокстан әлем чемпионы Ердос Жаңаберген, ММА чемпионы Руслан Сариев және аралас жекпе-жектен жаттықтырушы Жеңіс Қайранов балаларға шеберлік сабағын өткізді.
Бүгінгі таңда бірлескен қайырымдылық бағдарламасы аясында Маңғыстау облысында 4 зал жұмыс істейді. Тамыз айында Бейнеу және Ақжігіт ауылдарында ашылды. Ауылдық жерлерде үйірме, жақсы жабдықталған залдар жоқ, сондықтан балалар мен ересектер спорт залдарының ашылуын асыға күтеді, әрі бізге жәрдемдесуге дайын. Болашақ спортшылардың спортпен шұғылданып қана қоймай, секцияларға қатысу барысында адамгершілік тәрбие алып, достық пен өзара көмекке баулып, жаттықтырушылар мен балалар тарапынан қолдау алғанын қалаймыз. Ауылдарға жаңа дем беріп, ауыл жастарының спортпен шұғылдануына себепкер болып отырған «Қазақстан халқына» қорына алғыс айтамыз, - деп атап өтті «Батыр боламын!» қорының жетекшісі Арман Уахап.
Айта кетейік, «Қазақстан халқына» қоры іске асырып жатқан «24 балалар спорт залы» жобасы еліміздің шалғайдағы елді мекендерінде немесе балалар үшін спортқа қолжетімділік деңгейі төмен ауылдық жерлерде балалар спортының қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Жобаның негізгі мақсатты аудиториясы – 5 жастан 18 жасқа дейінгі, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар. 24 залды ашуға арналған қайырымдылық бағдарламасының бюджеті - 183 623 000 теңге. Бүгінгі таңда 18 зал ашылып, жұмыс істеуде: Ақмола облысы, Тасты ауылы; Алматы облысы, Ават және Қазақстан ауылдары; Жетісу облысы, Черкасск ауылы; Қарағанды облысы, Изенді ауылы; СҚО, Покровка ауылы; Түркістан облысы, Қақпақ ауылы, Ұлытау облысы, Жезді және Талап ауылдары; БҚО, Ақсай қаласы, Ақпәтер, Дариян, Бұлан, Қарауылтөбе ауылдары; Маңғыстау облысы, Бейнеу, Ақжігіт, Сенек, Үштаған ауылдары.