"Қазақстан халқына" қорының ақшасы ең алдымен науқас балаларды емдеуге жұмсалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ақпарат қордың ресми сайтында жарияланды. Жиналған қаражаттың бір бөлігі бірінші кезекте елдегі науқас балалардың денсаулығын түзетуге пайдаланылады.

Сарапшылар комитетінің шешімімен жуық арада "Тұсаукесер" жобасы қаржыландырылып, ауыр дертке шалдыққан балаларға арналған қымбат дәрі-дәрмек сатып алынады.

"Тұсаукесер" жобасы физикалық дамуында ақауы бар науқас балаларды аяққа тік тұрғызуға арналған. Ол үшін аймақтарда реабилитолог мамандарды оқыту көзделіп отыр. Әзірге пилоттық режимде Атырау, Семей, Алматы және Шымкент қалалары таңдалып отыр. Жоспарға сай, науқас балаларға жан-жақты көмек көрсетуге 45 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Соның арқасында сал ауруына, Даун синдромына шалдыққан және тірек-қимыл аппараты зақымданған жасөспірімдер денсаулықтарын түзеуге мүмкіндік алмақшы.

Сондай-ақ қор сирек кездесетін және созылмалы дертке шалдыққан балалардың еміне де қаржылай көмек қарастырып отыр. Осыған дейін көптеген ата-аналар емге қажетті шетелдік дәрілерге қол жеткізе алмай келген еді. Себебі ол дәрілер біздің елде тіркеуден өтпеген және бағасы тым қымбат. Ал мұндай ауруларды ерте бастан емдемесе, науқастардың жағдайы қиындай түседі екен.

Шешімге сай қор 9,7 миллиард теңгеге жұлын бұлшық етінің атрофиясы, Дюшеннің бұлшық ет дистрофиясымен ауыратын 24 бала мен екі ересекті дәрілік қамтамасыз ету бойынша жобаны қаржыландырады. Соның ішінде Қазақстанда тіркелмеген Онасемноген абепарвовек (Zolgensma) қымбат дәрілік препарат төрт бала үшін сатып алынады.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы