«Қазақстан халқына» қоры ШҚО-дағы шекаралас ауылдағы тірек мектепті жарақтады
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданы Марқакөл ауылының №1 орта мектебінде материалдық-техникалық база толығымен жаңартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ауыл шекаралас аймақта облыс орталығынан 400 шақырым жерде орналасқан.
Жоба білім беру сапасын арттыруға, үздік педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелерді енгізуге және тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған. Материалдық-техникалық жарақтандырудан басқа, мектептің оқытушылар құрамы оқытудан өтіп, әдістемелік қолдау алады.
Бүгінгі таңда жобаның серіктестері «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» ҚҚ қызметкерлері және «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мамандары мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдау бойынша жұмыстарды аяқтады. Сарапшылар мектепті тірек ретінде дамыту бойынша ұсыныстар қалыптастырып, сонымен қатар мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курстарын анықтады. Педагогикалық құрам үшін жаттықтырушылардың өткізуімен оқыту 2023 жылдың ақпан айына дейін өткізіліп, одан соң мектеп үш жылдық әдіснамалық сүйемелдеуге көшеді.
Мектептің атмосферасы өзгерген. Жоба басында мұғалімдердің көбінде сенімсіздік болды. Содан НИМ-ға оқуға барды, білімін жетілдірді. Келуіне қарсы мектепте қажетті барлық жаңа құрал-жабдықтар дайын, оларды күтіп тұрды. Енді мұғалімдеріміз әр сабағын оқушыны қызықтырып, ерекше өткізгісі келеді, – дейді №1 Марқакөл орта мектебінің директоры Жарқын Үркімбаев.
Мектеп директорының айтуынша, мектеп соңғы 15 жылдан бері алғаш рет жаңартылып отыр. Марқакөл мектебінде 420 бала оқиды. Мектеп жобаға енген сәттен бастап айтарлықтай өзгерді. Барлығы 26 оқу кабинеті жабдықталды, STEM-зертхана, телестудия ашылды.
STEM-зертхана мен телестудия іске қосылғанда өз көзімізге өзіміз сенбедік. Шын мәнінде қамқорлықты сезіндік. Бізге осындай мүмкіндік бергеннің өзі қандай керемет! Осы күні қала мектептерінің көбінде мұндай жабдық жоқ, ал енді біздің Марқакөлде бар, - деп атап өтті 10 сынып оқушылары Аружан Қабдуали мен Еңлік Саматова.
Материалдық базаны жаңарту «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында «Қазақстан халқына» қорының қаражатына 250 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Сонымен бірге Қорға Beeline Kazakhstan компаниясы донор ретінде жіберген үлесі бар. Жалпы бағдарламаны іске асыруға «Қазақстан халқына» қоры 4 млрд 250 млн теңге бөлді (1 мектепке 250 млн теңге есебінен 17 мектеп). Бағдарлама мақсаты - мектепті жарақтандырып қана қоймай, сонымен қатар жақын маңдағы шағын комплектілі мектептер үшін құзыреттілік орталығы ретінде қалыптастыру.
2020 жылдан бастап серіктестермен бірлесіп, біз «250+» жобасын іске асырып жатырмыз, соның арқасында Beeline мобильді интернеті мен байланысы 1500-ден астам ауылда пайда болды. Енді осы ауылдардың тұрғындары Интернетке қол жеткізу үшін қаламен тең мүмкіндіктерге ие. Тірек мектептерді дамыту жобасы ауыл балаларының сапалы бәсекеге қабілетті білімге қол жеткізуін қамтамасыз ете отырып, тең мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді. Сондықтан Beeline Қазақстан осы маңызды бастаманы қолдауға қуанышты. Бұл мақсатта біз Қорға 2 миллиард теңге қаражат жібердік. Үздік зияткерлік мектептердің стандарттары бойынша еліміздің түрлі өңірлеріндегі 8 ауыл мектебі жабдықталады. Олардың қатарына Шығыс Қазақстандағы мектеп те бар, – деп атап өтті Beeline Қазақстан компаниясының Бас атқарушы директоры Евгений Настрадин.
Бүгінгі таңда Қор тарапынан Ақмола (Қатаркөл ауылы, Досов ат.ом.), Павлодар (Ертіс ауылы, № 1 Ертіс ом) Қостанай (Сарыкөл ауылы, Урицкий ом.), Қарағанды (К.Байсейітова ат.ом.), Абай (Аягөз қ., көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясы), Ұлытау (№1 Ұлытау орта мектебі), Шығыс Қазақстан (№1 Марқакөл мектебі) облыстарында жеті тірек ауылдық мектеп жарақтандырылып, ұстаздарға арналған оқыту курстары мен тағылымдама түрінде әдіснамалық қолдау көрсетілді