«Қазақстан халқына» қоры 98 арнайы мектепті жарақтандырады
Екі жыл ішінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 98 арнайы мектептің материалдық-техникалық базасы нығайтылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қордың арнайы мектеп білім беру ұйымдарын жарақтандыру жөніндегі бағдарламасы аясында Қазақстанның барлық арнайы мектептерінің жұмысын үйлестіретін «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми–практикалық орталығы» РММ-да да жаңарту жүргізіледі.
20 желтоқсанда «Қазақстан халқына» қоры Қарағанды облысының Шахтинск қаласында алғашқы арнайы мектепті – «№7 арнайы мектеп-интернаты» КММ жарақтандыруды аяқтады. Мектепте 45 педагог жұмыс істеп, 123 бала оқиды, оның ішінде мүгедек балалар, жетімдер мен қамқорлыққа алынған балалар бар.
Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін заманауи білім беру және тәрбиелеу ортасын құруға жәрдемдесу мақсатында Қор арт-терапия, музыка кабинеттерін, қыш өндіру шеберханасын, акт және спорт залдарын жалпы сомасы 37 млн 58 мың теңгеге жаңартты.
Мектепте өте қабілетті және дарынды балалармен таныстық. Олар – түрлі шығармашылық байқаулардың жүлдегерлері. Осылайша балалардың әлеуетін одан әрі дамыту, қоғамда әлеуметтенуі маңызды. Алайда, арнайы білім беру ұйымдарының қазіргі жағдайына назар аудару қажет, себебі мектептер тиісті деңгейде қаржыландырылмайды. Сондықтан Қор арнайы мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту, дамыту және әлеуметтендіру үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін осы бағдарламаға бастамашылық жасады, – деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
Мұғалімдердің пікірінше, арт-терапия кабинетіндегі сабақтар ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланың физиологиялық, сонымен қатар психологиялық, зияткерлік мүмкіндіктерін ынталандыра түседі.
Балаларға сурет арқылы сөйлесу оңайырақ. Сурет бойынша баланың ойын түсініп, алаңдаушылығын көре аламыз, онымен жеке әңгіме немесе сабақ өткіземіз. Сондықтан мұндай кабинеттің жарақтандырылуының пайдасы зор, әрі балалар үшін жақсы мүмкіндік, – дейді бейнелу өнері пәнінің мұғалімі Оксана Бон.
Қыш шеберханасына өндірістік материалдар, мамандандырылған жиһаз, мультимедиялық экран, күйдіруге арналған муфель пеші, қыш жасау дөңгелегі сатып алынды. Мұның бәрі бала қолының ұсақ моторикасын, байқағыштығын, қиялын, сөйлеуін және кеңістіктік бағдарын дамытуға ықпал етеді.
Жаңартуға дейін мұнда әдеттегі музыка кабинеті болған. Қазір бөлмеміз жайлы және заманауи музыка кабинетіне сәйкестендірілді. Қор фортепиано, мультимедиялық жабдықтар, жиһаз және т.б. сатып алды. Балалардың эмоционалды күйі әлсіз, сондықтан музыка сабақтарымен айналыса отырып, хор оркестріне, хореографиялық қойылымдарға қатыса отырып, музыканы тыңдауға және түсінуге үйренеді, – дейді педагог-дефектолог Светлана Калюга.
Балалардың ата-аналары да өзгерістерді бағалап, ерекше балаларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Мен бес жыл бұрын ұлымды осы арнайы мектепке алып келдім. Баламда сөйлеуді кешіктірудің екінші түрі. Қазір ол бесінші сыныпта оқиды және осы уақыт ішінде мұғалімдер үлкен жұмыс атқарды. Балаларға ерекше назар аударғаны үшін барша қауымға, сондай-ақ Қорға алғыс айтқым келеді. Балаларымызға көбірек көңіл бөліп, бағалайық, – деп атап өтті ата-аналардың атынан Денис Фраш.
Естеріңізге сала кетейік, екі жыл ішінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Арнайы мектеп білім беру ұйымдарын жарақтандыру» қайырымдылық бағдарламасы аясында 98 арнайы мектептің және Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми–практикалық орталығының материалды-техникалық базасын жаңартуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта Қор 2 млрд 764 млн теңге бөледі.