Қазақстан халқы бокстан әлем чемпиондарын қарсы алды

Бүгін елорда әуежайында Ташкентте өткен бокстан ерлер арасындағы XXII әлем чемпионатындағы Қазақстан құрамасының жеңімпаздары мен жүлдегерін қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елге алғашқы болып Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов, Әлем чемпиондары Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов келді.

Енді алда талай жарыс бар. Дегенмен басты мақсат - Олимпиада ойындары. Соған дайындалатын боламыз. Ең алғаш құттықтап анам хабарласты. Қуанышында шек болмады. Әлеуметтік желі арқылы бүкіл Қазақстан да құттықтап, жылы лебізін жеткізді, - деді 21 жастағы Махмұд.

Бұл чемпионатқа дайындық өте қызу әрі тартысты болды. Себебі құрамаға ілігудің өзі оңай боламады. Әр салмақта 2-3 жігіттің арасында тартыс болды. Оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, барынша жан-жақты қарадық, таңдадық. Боксшылар арасында спарингтер өткіздік. Бұл жігіттер сол жерден іріктеліп шықты, - деді Мырзағали Айтжанов.

Енді алдымызда Азия ойындары келе жатыр. Ол жақта тек олимпиадалық салмақтар болады. Не болатынын көреміз, дегенмен дайындаламыз. Не болса да, бас бапкер мен команда болып шешеді, - деп бөлісті жоспарын Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов.

Айта кетейік, Ташкенттегі бокстан әлем чемпионатында біздің құрама 4 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алып, 10 жыл бұрынғы жетістікті қайталады. Бұл әлем біріншілігі аясындағы отандық боксшылар үшін ең жоғары нәтиже.

ВИДЕО: Автор

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы