Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 5 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі М.А.Әзілхановтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Кеңес Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткізілді.

Аталған кеңеске Парламент депутаттары С.Абдрахманов, А.Амирханян, И.Буларов, Н.Дементьева, Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Умаров, сондай-ақ басқа да орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым мен жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысы барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің шығып қалған депутатының орнына  депутатыққа кандидаттар ұсыну, сондай-ақ ҚХА және Ассамблея Кеңесінің құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелер қаралды.

Іс-шара барысында Марат Әзілханов ҚХА Кеңесі мүшелерінің ҚХА депутаттық корпусын қалыптастырудағы жұмысын жоғары бағалап, мемлекет Басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында жарияланған саяси реформалар бағдарламасын іске асыру тұрғысынан осы мәселенің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, ол этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру шеңберінде ҚХА мен оның Кеңесінің құрамына тиісті өзгерістер енгізілгенін атап өтті.

Өңірлік Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері, ҚХА қоғамдық институттары мен құрылымдары (ҰЭЖ, Аналар кеңестері, ҚХА-ның Қоғамдық келісім кеңестері, медиаторлар кеңестері, журналистер клубтары және т.б.), ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, қоғамдық бірлестіктер, этникалық БАҚ, жастар ұйымдары өкілдері, сондай-ақ өңірлердің ұсыныстарына сәйкес қоғамдық пікір көшбасшылары есебінен кеңейтілді.

Бұл ретте «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңыздылығына сәйкес өңірлік ассамблеялар санының өсуін атап өткен жөн.

ҚХА Кеңесінің құрамына оның мүшелерінің ұсынысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық қоғамдастығының өкілдері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жаңадан тағайындалған лауазымды адамдары енгізілді.

Кеңес отырысы барысында барлық шешімдер қатысушылардың дауыс беруімен қабылданып, олар Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың келісіміне жіберіледі.

ҚХА Кеңесі жұмысының қорытындысы бойынша М.Әзілханов барлық қатысушыларға белсенділік танытып, жемісті еңбек атқарғандары үшін алғысын айтып, одан әрі қоғамдық келісім мен Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігін қамтамасыз ету жөніндегі игі істеріне табыс тіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы