Қазақстан Халқы Ассамблеясы гуманитарлық көмек көрсетті
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Парламент Сенатының депутаты, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі ҚХА республикалық штабының өкілі Әлішер Сатвалдиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚХА тарапынан құрылған республикалық және өңірлік штабтар қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр.
«Жүректен жүрекке» арнайы жобасы аясында барлық өңірлердегі Достық үйлерінде еріктілер орталықтары және гуманитарлық көмек қабылдау пунктері қызмет атқаруда. Ел бойынша бүгінде 50 жуық осындай пункт жұмыс істесе, Астана қаласының өзінде 9 көмек қабылдау пункті жұмыс істейді. Бұл пунктерде 10 мыңға жуық ҚХА еріктілері жұмылдырылды. Бұл азаматтар осы гуманитарлық көмектерді жинау, сұрыптау және осы су басқан елді мекендердегі азаматтарға жеткізу, сондай-ақ суға тосқауыл қою бойынша дамбалар құру, басқа да жұмыстарға атсалысуда, - деді Әлішер Сатвалдиев.
Өңірлік этномәдени бірлестіктер тарапынан 227 тоннадан астам азық-түлік және алғашқы уақытта қажет болатын заттар су басқан өңірлерге жолдаған. Көрсетілген гуманитарлық көмектің жалпы сомасы 276,5 млн теңгені құраған.