"Қазақстан халқы ассамблеясы: бірлік пен дамудың үш онжылдығы" атты дөңгелек үстел өтті

Шараның мақсаты 30 жыл ішінде бірлікті, үйлесімділікті және мәдениетаралық диалогты нығайтудағы Қазақстан халқы ассамблеясының бірегей рөлін талқылау болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сондай-ак маңызды шарада елдің этникалық және мәдени топтары арасында бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтау, әлеуметтік-саяси тұрақтылықты дамытуға баламасыз институттың қосқан үлесі сөз болды.

Шараға еліміздің мемлекет және қоғам кайраткерлері, этномәдени және жастар бірлестіктерінің мүшелері, сондай-ақ депутаттық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдерінен 60-қа жуық адам қатысты.

Алғашқы болып сөз алған Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов осынау бірегей құрылымның маңызды рөліне кеңінен тоқталды. Айтыунша, Қазақстан жүзі бөлек болғанымен, жүрегі бір миллиондаған адамдардың тағдырларын бір арнаға тоғыстырған құтты мекен. Тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау уақытта құрылған ассамблея осы үш он жылдықта елдің дамуы мен тұрақтылығына үлкен үлес қосқан институтқа айнала білді. Және Қазақстанның бұл тәжірибесі бүкіл әлемге үлгі болды.

Тәуелсіздігіміздің таңы атқанда көптеген сұрақтар туындады. Біздің әртүрлілігіміз тұрақтылықтың негізі бола ала ма, Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім ортақ құндылықтарға айнала ма, қолымыздан келеді ме деген ойлар болды. Бұл біздің ішкі тұрақтылығымызға қатысты өте күрделі мәселелер еді. Қазіргі біздегі тұрақтылық оңайлықпен берілген жоқ. Біз ең күрделі мәселелерді шешу жолдарын бірге іздедік. Және бұл бос сөздер емес еді. Бұл туралы ірі сарапшылар айтты. Және осыған жауап ретінде осыдан отыз жыл бұрын құрылған Қазақстан халқы ассамблеясын мысалға келтіре аламыз. Ассамблея тағдыршешті рөл атқарған бірегей институт бола алды. Ұлтаралық татулығымыз бен ұлттық бірлігіміздің қалыптасуы да ассамблея жұмысына көп байланысты болды. Алғашқы күннен бастап ол маңызды миссияны қабылдады. Бұл, ең алдымен, ашық диалогқа, төзімділікке, теңдікке жағдай жасау. Өйткені, тоқсаныншы жылдардың басында дәл осы мәселелерге қатысты көптеген мәселелер көтерілді. Әлем, әсіресе, посткеңестік кеңістіктегі елдер аласапыран өзгерістерді бастан кешірді, көптеген мемлекеттер тұрақсыздыққа, тіпті соғыстарға, қанды қақтығыстарға, соның ішінде азаматтық соғыстарға тап болды. Бірақ Қазақстан басқа жолды таңдады. Әрине, бұл халқымыздың даналығы. Біз бөлінбедік. Біріктік, айырмашылық іздемей, ортақ құндылықтарды іздедік, таптық. Бізде сол кездегі басты нәрсе осы болды, - деді Марат Әзілханов.

Басқосуға қатысушылар 30 жылды артқа тастаған ассамблеяның бүгінде жеткен жетістіктері өз елімізде де, шет мемлекеттер тарапынан да оң бағасын алғанын айтады. Қоғамдағы бірлік пен келісімнің орнауына ассамблея басты себепкер болмаса да, жоғары рөл атқарды. Бұл бағыттағы жұмыс атқарылып келе жатыр және де болашақта міндетті түрде жалғаса бермекші.

Ассамблея этностарды біріктіруден басқа талай қызметтерді атқарып келе жатыр. Түрлі жобалар бар, оның ішінде қайырымдылыққа, мейірімділікке, бірлікке бағытталғандары көп. Мемлекеттік тілді дамытатын шараларды өткізіп жатырмыз. Жастарға арналған, жалпы тәрбиеге арналған жұмыстар жетерлік. Ассамблея тек қана этностардың мәдениетін дамытатын ұйым емес, қоғамда сондай бір пікір қалыптасқан. Бұл пікір дұрыс емес. Ассамблея жалпы қазақстандық бірлік моделін насихаттайтын институт, - дейді "Қоғамдық келісім" мекемесі директорының орынбасары Руфина Усанова.

Басқосудың соңында 30 жылда жеткен осындай жетістіктермен тоқтап қалмай, бұл жұмысты одан ары дамыта түсу қажет екені айтылды. Ассамблея мүшелері Қазақстан халқы бірлігі мен ынтымағының үлгісін ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді баршаға ортақ міндет етуге күш салмақшы.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы