Қазақстан ғылымында қандай проблемалар бар

Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ректоры Ержан Әмірбекұлы еліміздің ғылымындағы негізгі проблемаларды атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда мемлекетіміздің алдында тұрған мақсаттың бірі - ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына жеткізу. Бұл жай көрсеткіш болғанымен, оның артында орасан зор еңбек бар. Біздің ғылымнан не күтеміз? Біріншіден халық не күтеді? Өнеркәсібі дамыған, нақты тауар шығаратын әлемдегі қосылған құны жоғары өнімдердің тізбегіне қосылатын өндірістерді жасақтауымыз керек, - деді ректор.

Кейіпкердің жеке архивінен

Сонымен қатар ғылымға қызығушылық танытатын жастарды тәрбиелеу керек. Яғни еліміздегі ғалымдардың арасындағы жастардың үлесін көтеру қажет.

Балабақшадан, мектептен бастап ғылымға икемі бар жастарды іріктеп, ғылымға деген махаббатын, ынтасын оятуымыз керек. Сонымен қатар мемлекетіміздің шикізаттан тауып жүрген табысын нақты өндірістерге, нақты ғылымның қызметінен түсетін табысқа қарай икемдеу мақсатымыз бар. Сондықтан бүгін Мемлекет басшымыздың қатысуымен үлкен алқалы жиын өтті. Ұлттық ғылым және технологиялар деген кеңестен күтетініміз өте жоғары, - деп айтты Ержан Әмірбекұлы.

Оның айтуынша, ғылыми бағыттың өзі өңірлік университеттердің дамуына жаңа серпін береді. Себебі қазіргі таңда өңірлерді дамыту - көкейкесті мәселелердің бірі.

Жаңа технологиялар, жаңа энергетика, әлемдегі төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа серпіні бізге ғылымға жаңаша қарауға итермелеп отыр. Сондықтан ғылымның берері мол деп есептейміз. Сондай-ақ біздің ғылымға сіңіретін еңбегіміз де көп, - деп түсіндірді институт басшысы.

Ректор сөз арасында Қазақстанның ғылымындағы бар проблемаларды атап өтті.

Бізде алдымен ғылымның емес, өнеркәсіптің проблемасы бар. Бізде өнеркәсіптік кәсіпорындардың саны өте аз. Сонымен бірге нақты өнімдер шығаратын кәсіпорындардың аздығы ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге тосқауыл қойып отыр. Бізде патенттер жеткілікті. Ойлап табылып жатқан әртүрлі ғылыми идеялар көп. Бірақ оның нақты өндіріске енуі коммерциализация тұрғысында проблема бар. Ол проблема не себепті бар? Себебі өндіріс оны қабылдай алмай жатыр. Өндірістік, жан-жақты дамыған, яғни әртараптанған экономика қалыптаспай, ғылымның дамуы да оңай болмайды, - деп есептейді ғалым.

Ол қолданбалы ғылымды дамыту алда тұрған мақсаттарының бірі екенін айтты.

Бізге өнім, технология, инновациялық қызмет шығаратын бағыттарды дамыту керек. Шикізатпен, өңдеу өнеркәсібімен, шиказатты алғашқы өңдеумен байланысты кәсіпорындар жеткілікті. Ол жерде ғылым да бар. Алайда бізге нақты технологиялар мен жоғары технологиялармен байланысты өндірістер ғылымы әлі де дамымай жатыр, - деп түсіндірді Ержан Әмірбекұлы.

Ректор өзі басқарып отырған университетте ғылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Біріншіден, студенттерді ғылымға икемдеу, ғылыммен айналысуға деген ынтасын, махаббатын ояту керек. Екіншіден, студенттің ғылыммен айналысуға ішкі потенциалы жетуі керек. Яғни нақты білімі болуы керек.

Ғылыммен айналысатын адамның жай ғана ынтасы жеткіліксіз. Яғни ғылымға икемі бар жастарды тәрбиелеуіміз керек. Үшінші мәселе – студенттерді ғылымға жетелейтін жетекшілер бар ма? Арадағы үзілісті барынша азайтуымыз керек. Қазір 60-70 жасқа жақындап қалған және 20-25 жастағы ғалымдарымыз бар. Қазір соның ортасындағы буынды немен толтырамыз деген мәселе бар, - деп айтты Ержан Әмірбекұлы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Pexels.com
Өзгелердің жаңалығы