Қазақстан ғылымы: проблемалар мен шешімдер

Мемлекет жас ғалымдарға қалай қолдау көрсетеді және ғылымды дамыту жолында жоғары оқу орындары ортақ іске қалай жұмылдырылуы мүмкін? ҚР ҰҒА академигі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Зарема Шаукенова ғылым саласындағы бірқатар мәселені көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жас ғалымдар дегеніміз кімдер?

Жас ғалымдар тобына кірудің объективті өлшемдері тек жасы ғана емес, академиялық және ғылыми біліктілік, яғни ғылыми дәреженің болуы. Осылайша, батыстың жетекші елдерінде жас ғалымдар қатарына біліктілік деңгейін растайтын ғылыми дәреженің (PhD ғылыми дәрежесі) және әлі жалғасып жатқан постдокторлық зерттеу тәжірибесінің (екі жылдан сегіз жылға дейін) болуымен анықталады. Биыл “Оппенгеймер” фильмі Оскар сыйлығын лайықты түрде жеңіп алды. Бұл ғалымның күрделі жолын, жақсылық пен жамандықтың мәңгілік шайқасын, ғылымның этосын паш етеді, - дейді Шаукенова.

“Зұлымдықты көздеген ғылым жаңа білімді терең ізденбейді. Тек мәртебені арттыру жолындағы мансап та нақты нағыз ғылымның сипаты емес. Нағыз ғылым шынайы құндылықтармен сүйемелденеді”. Роберт Оппенгеймер 1904 жылы дүниеге келген. Оның ғылым жолы жас ғалым ретінде қалыптасу жолын көрсетеді.1925 жылы Гарвард университетіндегі оқуын аяқтап, сол жылы Еуропаға кетіп, Кембридж, Геттинген, Лейден университеттерінде және Швейцария жоғары техникалық мектебінде тағылымдамадан өтті. Отанына оралып, Калифорния университетінде және Калифорния технологиялық институтында сабақ бере бастады. 1936 жылы профессор атағына ие болып, 38 жасында ол әйгілі Манхэттен жобасын басқарды.

Егер біз АҚШ, Ұлыбритания, ЕО елдері, Жапония сынды алдыңғы қатарлы елдердегі ғылымды дамытуды қолдау жүйелерін мұқият қарастыратын болсақ, көздері оттай жанған жалынды жастарды ғылымға тарту жүйесінің жоғары деңгейде құрылғандығы айқын көрінеді. Мысалы, Үндістанда ғылым және технологиялар министрлігінің ғылыми және инженерлік зерттеулер кеңесі (Science and Engineering Research Council) басқаратын ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды қолдау мен дамытудың бірегей бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама үздік оқитын миллион оқушыға стипендия бөлуден бастап әртүрлі іс-шараларды қарастырады, яғни талантты жастарды жас кездерінен ғылымға тарта бастайды.

Үндістанның жас ғалымдарды қолдау жүйесінің бір ерекшелігі егде жастағы зерттеушілердің тәжірибесін пайдалану бағдарламасы да бар. Оның көмегімен қарт ғалымдардың кітаптары, монографиялары мен естеліктері жарық көреді. Бір жобаға 2 жыл беріледі. Жыл сайын бағдарламаға 25 ғалым қатысып, оларға қаламақы төленеді. Алдыңғы қатарлы елдердегі ғылымды дамытудың негізгі тірегі-ұрпақтар сабақтастығы, ғылыми мектептер, олардың негізін қалаушылардың беделі болып табылады. Мұны “Оппенгеймер” фильмінің соңындағы Роберт Оппенгеймермен Альберт Эйнштейннің арасындағы сұқбатта көрсетеді.

Қазақстанда объективті себептерге байланысты біз ғылыми ұйымдардан кадрлардың кетіп, ғылым беделінің төмендеуіне тап болдық, ал талантты жастар болса ұзақ уақыт бойы ғылымнан алшақ жолды таңдап, өзге стратегияларды артық көрді. Нәтижесінде ғылыми кадрларымыз қартайып, ең өкініштісі ұрпақтар арасындағы алшақтық пайда бола бастады, “ортаңғы буын” жоғалды. Осылайша біз “әкелер мен балалар” кезеңінен өтіп, “аталар мен немерелер” қарым-қатынасына келдік. Сондықтан ұзақ уақыт бойы Қазақстанда жас шекараларын анықтау және “Жас ғалым” мәртебесін анықтау іс жүзінде бекітілмеді, - деп ойын айтты профессор.

Сөзінше, бұл өз кезегінде гранттар алу үшін және де жас ғалымдарды қолдауға бағытталған бастамаларды жүзеге асыру және т. б. кезінде белгілі бір қиындықтарды тудырды.

Қазақстан ғылымына қандай жағдай жасалған?

Біз дамыған елдердің мысалында ғылым жолын таңдаған жастарға мемлекеттің жаппай қолдау көрсететінін көріп отырмыз. Еліміз үшін де бұл жол бүгінде үлкен басымдыққа ие. Бұл Мемлекет басшысының берік ұстанып отырған саясаты. Оны іске асыру үшін 2022 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылып, Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесін арттыруға ерекше назар аударылды.

Жақында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мынадай мәліметтерді жарялады:

- 2023-2025 жылдарға арналған ғылымның жалпы бюджеті 2020-2022 жылдарға арналған алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 3,3 есеге өсіп, 643 млрд теңгені құрады.

- 2024-2026 жылдарға қарастырылған ғылым бюджеті - 729,5 млрд теңге, алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда ол 13% - ға ұлғайды.

- Қазақстандағы зерттеушілер санын 1,5 есеге арттыру жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас ғалымдарды қолдау күшейтілді. Жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурстардың нәтижесінде бүгінде 727 жоба іске асырылып жатыр.

- 2024-2026 жылдарға жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 18 млрд теңге қарастырылған.

Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын әрбір жобада жас ғалымдардың үлесі кемінде 30%. Бұл жобаларды гранттық қаржыландыруға берілген өтінімдердің міндетті шарты. Сондай-ақ заң жобасында жас ғалымдардың тұрғын үй сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту құқығы да қарастырылған. 2023 жылы 809 ғалымға әлемнің жетекші орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге гранттар берілді. Әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 қазақстандық ғалым, олардың арасында жас зерттеушілердің басым үлесі тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік беретін шетелдік тағылымдамалар жүйесі тәжірибеге енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай да жалғасып келеді, - деді ол.

Көріп отырғанымыздай, мемлекет бүгінде жас ғалымдарды қолдау үшін көп күш жұмсап, материалдық және моральдық тұрғыдан ынталандыру құралдарды әзірлеп, қажетті жағдайларды жасауда. Бүгінде жас ғалымдар белсенділік танытып жүр, олар ұлттық ғылыми кеңестердің (ҰҒК), Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің құрамына кіреді, жас буын зерттеушілер қазақстандық ғылымды, өз зерттеулерін кеңінен насихаттап, мемлекетттің ғылымға және оның болашағына үлкен көңіл бөлетінін дәлелдей түсті.

Біздің елімізде жас ғалымдарды қолдаудың өзіндік дәстүрі бар-бұл ЖОО мен ҒЗИ жанында құрылған жас ғалымдардың кеңестері. Олардың әрқайсысының өз тарихы, өз белсенділері бар. Қазақстандық ғалымдардың барлығы кезінде үлкен тәжірибеден өтіп, қазіргі көптеген танымал академиктер өздерінің алма-матерлерінде жас ғалымдар кеңесінің төрағалары болған еді. Бүгін біз осы дәстүрдің жанданғанын және оның жаңа деңгейге шыққандығын отандық жоғары білім беру флагмандары болып табылатын Назарбаев Университеті, әл-Фараби ҚазҰУ, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, өңірлік ЖОО көрсетіп отыр. Өткен жылы Алматыда “Asfen. Forum, жаңа ұрпақ-2023” ауқымды халықаралық жас ғалымдар форумы өтті. Форумды құру идеясы туралы айта келе, оның ашылуы рәсімінде ҚазҰМУ ректоры 90-шы жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі М.К. Алшынбаев “ТМД елдерінің жас медицина ғалымдарының конференциясы” платформасын құрғанын және бұл мектепті бүгінде қалыптасқан және белгілі медицина ғалымдары өткізгенін ерекше атап өтті. Осы керемет идеяның арқасында біз платформаны ребрендинг жасап, еліміздегі ең ірі медициналық университет ҚазҰМУ базасында Asfen.Forum құрдық. Бұл залда бүгінде еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуына үлкен үлес қосқан медицина және фармация корифейлері бар. Олардың арқасында жас ұрпақтың тәжірибе алуға мүмкіндігі туды.

Asfen.Forum жоғары оқу орындарының ғылымды алға жылжыту жолында ортақ іске күш жұмсаудың жарқын мысалына айналды. ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА президенті, академик А. Қ. Күрішбаевтың алғашқы маңызды қадамдарының бірі Ғылым Академиясы жанынан барлық өңірлерде өкілдіктері болатын жас ғалымдар кеңесін құру болатын. Кеңестің құрамына Қазақстанның жас әрі қалыптасқан ғалымдары, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық Кеңестің, ұлттық құрылтайдың, ұлттық ғылыми кеңестердің мүшелері және жас ғалымдар бірлестіктерінің төрағалары кірді. Оның жұмысы еліміздің барлық жас ғалымдарының басын қосуда үлкен рөл атқарады, - деп түсіндірді ҰҒА академигі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Зарема Шаукенова.

Қазақстандық әлеуметтанушылар үшін үш жыл сайын Қазақстан әлеуметтанушылары конгресі аясында жас әлеуметтанушылар Форумын өткізу дәстүрге айналды. 2024 жылдың күзінде өткізілетін Конгресс те назардан тыс қалмайды. Әсіресе жас әлеуметтанушылар форумын ұйымдастыру үшін әлеуметтік ғылымдар саласындағы сараптаманы дамытуға және дәлелдемелік саясат тәсілін ілгерілетуге бағытталған Kazakhstan Sociology Lab – қазақстандық жас әлеуметтанушылардың заманауи жобасы (evidence-based policy) өз ниетін білдірді. Зертхана “әлеуметтанушылар мектебін” өткізу алаңы, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік саясатты әлеуметтанулық зерттеу орталығы ретінде, сондай-ақ әлеуметтік ғылымдар саласындағы зерттеулерді кеңінен таратушы ретінде үш бағытта жұмыс істейді.

Қазақстанда жас ғалымдарды қолдау бойынша жүргізіліп жатқан шаралар жайлы айтатын болсақ, ғылыми – зерттеу институтының директорларының бірі өте дәл атап өткендей–жеке гранттар, стипендиялар, шетелдік тағылымдамалар, тұрғын үй бағдарламалары, жалақының айтарлықтай өсуі сынды бұрын-соңды қолдаулар болған емес. Кезінде академик, кеңестік және ресейлік экономист және әлеуметтанушы Т. И. Заславская ғылыми қызметкерге тым көп ақша төлеудің қажеті жоқ, әйтпесе мансап жолын көздегендер барлық орындарды иемденіп алатындығын айтқан болатын. Нағыз ғалым өз қызығушылығымен айналысады және оның қол жеткізген беделі материалдық сыйақыға толығымен сәйкес келмеуі де мүмкін. Басқаша айтқанда, менің ғылыми жетекшілерімнің бірі айтқандай – “ақша барлық мәселені шешпейді!”. Барлық әріптестеріммен қатар аға буынның өкілі ретінде мені де қуантатыны, әр жаңа жас ғалымның бойынан біз жаңа білімге деген құштарлықты, әлемді жақсы бағытқа өзгертуге деген ұмтылысты, “күресу және ізденіс, табу және берілмеу” деген ұранмен жүруді және ең бастысы адамгершілікті байқаймыз, - деді Зарема Шаукенова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ -архив
Өзгелердің жаңалығы