Қазақстан ғылым мен технология саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтпек
Қазақстан AI-Sana бағдарламасы арқылы студенттер мен оқытушылардың жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамыту жұмыстарын жүргізіп келеді.
Жапонияның Киото қаласында 23-ші STS Forum 2026 форумы аясында ғылым және технологиялар министрлерінің дөңгелек үстелі өтті. Жиынға Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.
Кездесуде ғылым мен технологиялардың қоғамдағы және геосаяси өзгерістер жағдайындағы рөлі, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Саясат Нұрбек мемлекеттердің технологиялық бәсекеге қабілеттілігі адами капиталды дамытуға, ғылыми жаңалықтарға қолайлы жағдай жасауға және жаңа технологияларды практикада қолдануға байланысты екенін атап өтті.
Министрдің айтуынша, Қазақстан үшін маңызды міндеттердің бірі – ғылыми білім мен технологиялық шешімдерді жаңа өнімдерге, компаниялар мен салаларға айналдыратын орта қалыптастыру.
Дөңгелек үстелде жасанды интеллектіні дамытуға және оның білім мен ғылымға ықпалына да назар аударылды. Қазақстан AI-Sana бағдарламасы арқылы студенттер мен оқытушылардың жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамыту жұмыстарын жүргізіп келеді.
Сондай-ақ Еуразиялық академиялық орталық құру, шетелдік жетекші университеттермен және ғылыми ұйымдармен серіктестікті кеңейту мәселелері сөз болды. Атап айтқанда, Cardiff University және KAIST кампустарын дамыту, еуропалық университеттер мен ғылыми-зерттеу консорциумдарымен ынтымақтастықты күшейту жобалары айтылды.
Форумға Чили, Мысыр, Эстония, Иран, Марокко, Сенегал, Словения, Судан, Уганда және Өзбекстан өкілдері қатысты.