Қазақстан-Грузия экономикалық бірлестігі артады
Грузияда жұмыс жасап жатқан қазақстандық компаниялар мен жергілікті бизнес қауымдастығы құрған Қазақстан-Грузия экономикалық бірлестігінің отырысы өтті, деп жазады BAQ.KZ Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Бірлестік Қазақстанның инвестициялық, экспорттық және туристік мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынастарын белсендіруге қызығушылық білдірді.
Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Мәлік Мырзалин қатысушыларға еліміздің экономикалық әлеуеті, Үкіметтің іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралары, сондай-ақ жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы айтып берді.
Елші грузин бизнесмендерін бірлескен кәсіпорындар ашуға, аймақтық ынтымақтастықты дамыту үшін Қазақстан өңірлеріне іскерлік сапармен баруға шақырды. Қазақстанда 8-9 маусымда өтетін Астана халықаралық форумының мақсаты мен жоспарларымен таныстырды.
Бірлестік мүшелері Қазақстанда жүргізіліп жатқан оң өзгерістерді жоғары бағалап, олардың іске асуы екіжақты қарым-қатынастардың тиімді салаларына тың серпін беретінін атап өтіп, қазақстандық реформалардың және бастамалардың Грузияда танылуына және ілгерілертуіне күш-жігерлерін жұмсайтынын мәлімдеді.