Қазақстан гидрогеологтарының еңбегіне берілген жоғары баға – Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының гидрогеологиялық карталары атласын әзірлеген Мәліс Әбсәметов бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәліс Құдайсұлы Абсаметовке ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығы табысталды. Қазақстан Республикасының гидрогеологиялық карталары атласы жер асты суларын жүйелі зерттеп, елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жаңа мүмкіндік ашқан іргелі ғылыми еңбек.

Ғылым жолындағы еңбек

Мәліс Әбсәметов ғылымдағы жолын политехникалық институтты тәмамдаған соң, Гидрогеология институтында еңбек етуден бастаған. Ол өзінің кәсіби қалыптасуын ұлағатты ұстаздарының ықпалымен байланыстырады.

Президенттің қолынан марапат алу ерекше толқу мен зор мақтаныш. Бұл кәсібің мен институтың елге пайда әкеліп жатқанын сезінетін сәт. Гидрогеологиялық қызметке деген Мемлекет басшысының назарын ерекше бағалаймыз. Марапат тек біздің ұжымның емес, еліміздегі барлық гидрогеологтардың еңбегінің жемісі, – деді ғалым.

Қазір оның жетекшілігімен институтта гидрогеология саласын терең білетін тәжірибелі мамандардан құралған ғылыми топ жұмыс істейді.

Кәсіби қалыптасу кезеңінде менің ұстаздарымның ықпалы зор болды. Бүгінде бізде Қазақстан гидрогеологиясын толық білетін мықты мамандар шоғыры бар, - деді Мәліс Әбсәметов.

Іргелі жобалар мен халықаралық ынтымақтастық

Мәліс Әбсәметовтың ғылыми жетекшілігімен У.М. Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институты аясында бірнеше ірі ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылған. Соңғы жылдары институт ұлттық және халықаралық компаниялардың тапсырысы бойынша 280-нен астам келісімшарттық жобаны орындаған.

Ғалымның айтуынша, Су ресурстары министрлігі мен Ұлттық гидрогеологиялық қызметтің құрылуы елдің су қауіпсіздігін нығайту жолындағы стратегиялық шешім.

Бұл – оңай емес, бірақ ел үшін аса маңызды әрі дұрыс қадам, - деді ол.

Су қорының ғылыми картасы

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған басты еңбек – Қазақстан Республикасының гидрогеологиялық карталары атласы.

Атласқа 28 арнайы карта енген. Әр карта гидрогеологиялық қималармен және стратиграфиялық бағаналармен толықтырылған. Онда жер асты суларының орналасуы, қасиеттері, қорғалуы, химиялық құрамы мен ықтимал ластану көздері туралы толық ақпарат берілген, – деді ғалым.

Атлас тек ауыз су көздерін ғана емес, өнеркәсіптік және минералды суларды, сондай-ақ құрамында сирек микроэлементтер бар жылу сулары туралы деректерді де қамтиды.

Қазақстанда минералдануы литріне 300 граммға дейін жететін сулар бар. Онда литий, рубидий, цезий, йод секілді сирек элементтер кездеседі. Бағалы ресурстарды өндіру үшін пайдалануға болатын әлеует, – дейді ол.

Атлас құрамында болашақтағы су ресурстарын болжауға арналған карталар да бар. Олар өңірлердің су қамтамасыздығын бағалап, жаңа ұңғымалар бұрғылауға қолайлы учаскелерді анықтауға мүмкіндік береді.

Гидрогеология – күрделі әрі көпсатылы зерттеулерге негізделген ғылым. Алдымен өңірлік жұмыстар жүргізіледі, кейін іздестіру және барлау кезеңі басталады. Сонда ғана су қоры мен оны пайдалану мүмкіндігі туралы нақты айтуға болады. Бүгінде біз қашықтан зондтау, гидродинамикалық және геохимиялық модельдеу сияқты заманауи әдістерді кеңінен қолданамыз, – деді Мәліс Әбсәметов.

Академик жас зерттеушілерге өзінің кеңесін жеткізді.

Кез келген жұмысты бастамас бұрын, сенен бұрын не жасалғанын терең зерттеу қажет. Онсыз жаңа нәрсе тудыру мүмкін емес. Сондықтан жастарға көбірек оқу, ғылыми әдебиетпен жұмыс істеу және жаңа әдістерді меңгеруге кеңес беремін. Ғылым бір орында тұрмайды – оның даму ырғағынан қалмау маңызды, – деді ол.

Айта кетейік, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық – Қазақстан ғалымдары мен зерттеушілеріне берілетін ең жоғары мемлекеттік марапат. 2025 жылы бұл сыйлық сондай-ақ түсті металлургиядағы кондициясыз шикізатты қайта өңдеу технологиясын және маркалық селен өндіру әдісін әзірлеген ұжымдарға да табысталды.

Еске салсақ, Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградалар табыстады. Елдің басты сахнасына көтерілгендердің қатарында Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының «Мәмбетов және К» серіктестігінің механизаторы Мұрат Қаражұманов та бар. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі еңбегі үшін оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл – Қазақстан Республикасындағы ең жоғары марапаттардың бірі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы