Қазақстан Германиямен «жасыл» энергетика саласында өзара іс-қимылды күшейтеді

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев «Орталық Азия – Германия» (С5+1) форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр өз сөзінде Орталық Азияның халықаралық экономикалық аренадағы рөлі артқанын, ал бұл формат өңірлік сын-қатерлерге бірлескен жауап әзірлеу және нақты жобаларды іске асыру үшін стратегиялық платформа екенін атап өтті.

Е.Көшербаев Орталық Азия елдерінің экономикалары бір-бірін толықтыратынын, ал олардың ресурстық әлеуеті Германияның озық технологияларымен ұштасқанда өзара тиімді серіктестік үшін қуатты негіз қалыптастыратынын жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстан үшін энергетика және табиғи ресурстарды игеру саласындағы ынтымақтастық маңызды екені айтылды.

Қазақстан СІМ басшысы Германиямен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестиция тарту және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға мүдделі екенін растады. Германияның жетекші технологиялық серіктес әрі маңызды инвестор ретіндегі рөлі, сондай-ақ «жасыл» энергетика мен декарбонизация жобаларындағы ынтымақтастық перспективалары атап өтілді.

Сонымен қатар, Қазақстан транзиттік әлеуетін пайдаланып, Еуропа мен Азия арасындағы негізгі көлік-логистикалық дәліздерді, оның ішінде Орта дәлізді дамыту бойынша Германиямен ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық білдірді.

Кездесу барысында Орталық Азияның стратегиялық тұрақтылығы, өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығы және Германиямен экологиялық, климаттық, су ресурстарын басқару және трансшекаралық тәуекелдерді алдын алу саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, білім беру, ғылым, кадрларды кәсіптік даярлау және академиялық алмасу сияқты гуманитарлық бағыттарға ерекше назар аударылды.

Пленарлық кездесудің қорытындысы бойынша қатысушылар «Орталық Азия – Германия» форматын нақты бастамалар мен практикалық жобалар арқылы одан әрі толықтыруға мүдделілік танытты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы