Қазақстан Германияға 300 мың тонна мұнайды осы қыста жібереді. Кремль жағы келіскен

Қазақстандық “ҚазТрансОйл” компаниясы Ресей энергетика министрлігінен Германияға мұнай тасымалдауға рұқсат алғанын хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Компания 13 қаңтарда тасымалдау 2023 жылдың алғашқы үш айында жүзеге асырылатынын айтты.

“ҚазТрансОйл” АҚ Ресей Федерациясы энергетика министрлігінен 2023-жылдың I тоқсанында “Транснефть” магистральді мұнай құбыры жүйесі арқылы “Адамова застава” мұнай бекетімен әрі қарай Германияға 300 мың тонна көлемде қазақстандық мұнай жеткізу бойынша растау қағазын қабылдады,- деп жазылған компания хабарламасында.

Компанияның айтуынша, бұл Ресей энергетика министрлігі бекіткен ТМД елдерінің мұнайын Ресей арқылы тасымалдау туралы мұнай транзитінің кестесінде жазылған.

Мұнайдың аталмыш транзиті Қазақстан үкіметі мен Ресей үкіметі арасында 2002 жылдың 7 маусымда жасалған арнайы келісімшарт негізінде іске асады, - дейді компания өкілдері.

11 қаңтарда Қазақстан энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанның алғашқы 20 мың тонна мұнайды “Достық” құбыры арқылы Германияға тасымалдауға дайын екенін, бірақ Ресей жағының келісімін күтіп отырғанын хабарлаған.

Ақпаратқа қарағанда, Қазақстан 2023 жылы Германияға 1,5 млн тонна мұнайды экспорттауды жоспарлап отыр.

Қажет жағдайда тасымалдау көлемін 6-6,5 млн тоннаға дейін жеткізе алады. Дегенмен министрдің айтуынша, Қазақстан жылына алты миллион тоннаға дейін мұнай тасымалдай алғанмен Германияның сұранысы одан да жоғары.

2023 жылы Қазақстан 90,5 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр, 71 миллионы экспортқа кетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы