Қазақстан Газа секторын қалпына келтіруге белсенді қатысуға дайын – Тоқаев
Палестиналық студенттерге бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлу жоспарланып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Газа секторындағы ахуалды тұрақтандыру және аймақты қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуға дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Біз іскерлік және кәсіби беделі жоғары халықаралық компанияларды тарта отырып, инфрақұрылым салуға, үйлер мен тұрғын үй кешендерін, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды тұрғызуға ниеттіміз. Сонымен қатар, еліміз гуманитарлық көмек көрсетіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын. Палестиналық студенттерге бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлу жоспарланып отыр. Қазақстан халықаралық деңгейде мойындалған электрондық үкімет тәжірибесімен және медициналық шешімдермен бөлісуге де әзір, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының айтуынша, Таяу Шығыстағы орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақта бейбітшілік пен ынтымақтастықты, өзара сенімді нығайтуды көздейтін жаңа тәсілдер қажет.
Аталған ұстанымға арқа сүйей отырып, Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде шешім қабылдады. Осылайша, біз аймақта және одан тысқары жерлерде прагматикалық экономикалық әрі гуманитарлық ынтымақтастыққа үлес қосамыз. Бұл Бейбітшілік кеңесінің ізгі мұратына толық сай келеді, – деді Президент.
Кеңестің жаһандық күн тәртібін ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда түрлі деңгейдегі кездесулер өткізу арқылы бұл бастамаға нақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
Сонымен қатар Бейбітшілік кеңесі аясында Президент Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынамын. Бұл – оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі ғаламат жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болмақ. Сіздің тегеурінді әрі көреген басшылығыңызбен Кеңес өзінің тарихи ізгі миссиясын абыроймен атқаратынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.