Қазақстан газ өндірісін арттыру үшін 50 учаскені аукционға шығарады
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, Президент жаңа кен орындарын іздеу арқылы табиғи газ әлеуетін күшейтуді тапсырған. Осы мақсатта «QazaqGaz» ұлттық компаниясымен геологиялық барлау жұмыстарының кешенді бағдарламасы іске асырылып жатыр.
Қазіргі уақытта жер қойнауының 14 учаскесінде шамамен 515 млрд текше метр газға алдын ала ресурстық бағалау жүргізіліп жатыр. Орта мерзімді перспективада геологиялық барлау портфелі 30 учаскеге дейін кеңейіп, жиынтық ресурстық бағасы шамамен 1,7 трлн текше метрге жетуі жоспарланған. Бұл өндірісті ұлғайтып, ішкі сұранысты жабуға тұрақты негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді, - дейді Ақкенженов.
Сонымен қатар инвестициялық қызметті жандандыру және геологиялық тәуекелдерді бөлу мақсатында жер қойнауының 50-ге жуық учаскесі электрондық аукциондарға шығарылады. Осы учаскелерде геологиялық барлау жұмыстары «QazaqGaz», «Самұрық-Қазына» және жеке инвесторлардың қаражаты есебінен қаржыландырылады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында көмір энергетикасын дамытудың маңызын атап өтіп, АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың бұл мәселеге қатысты ұстанымымен келісетінін мәлімдеген еді. Сөзінше, Президент Трамптың көмір туралы сөзінде ақиқат бар.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ведомство Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын іске асыруға кірісіп жатқанын айтты. Министрдің айтуынша, Энергетика министрлігі "таза көмір" жобаларын іске асыруға кірісті.