Қазақстан футболының аңыздары мен «Super Bol!» арасындағы матч өтті
Алматының Орталық стадионында «Super bol» реалити-шоуының қатысушылары мен еліміз құрамасы сапында ойнаған, есімдері аңызға айналған футболшылар жолдастық матч өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Айта кетсек, «Super Bol!» жас футболшылар жобасын Президент жанындағы «Dara» дарындыларды қолдау қоры және Freedom Broker инвестициялық компаниясы қолға алған. Жас футболшыларды іріктеу жобасы Семей қаласында басталды.
Одан кейін Павлодар, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент, Тараз, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жалғасын тапты. Аталған жоба 16-25 жас аралығындағы жастардың өз шеберлігін көрсетуге мүмкіндік жасады. Олардың арасынан 50-ден астам жас іріктеліп, болашақта кәсіби командалар қатарында ойнауға жол ашылмақ.
Қазақстан құрамасы атынан алаңға Самат Смақов, Давид Лория, Нұрбол Жұмасқалиев, Андрей Карпович, Дмитрий Бяков, Қайрат Әшірбеков, Максим Жалмагамбетов, Руслан Балтиев, Али Алиев, Эдуард Сергиенко, Мұрат Тілешев, Сергей Бойченко, Бауыржан Исламхан шықты. Сондай-ақ жолдастық кездесуге кезінде Испанияның «Реал Мадрид», Италияның «Интер» клубтарында және Аргентина құрамасында доп тепкен Эстебан Камбьяссо арнайы шақыртылды. Ол ұлттық құрама қатарында жасыл алаңға шықты.
Футбол аңыздары командасына нидерланд маманы Арно Пайперс жетекшілік етті. Ал «Super bol» реалити-шоуының қатысушыларына белгілі футбол маманы Талғат Байсуфинов бапкерлік жасады. «Super bol» футболшылары ойынды белсенді бастады.
Бірінші кезеңде олар қатарынан төрт гол соғып кетті. Оған екінші кезеңде еліміздің ұлттық құрамасы аңыздарынан Нұрбол Жұмасқалиев, Бауыржан Исламхан, Мұрат Тілешев, Қайрат Әшірбеков төрт голмен жауап қайырды. Осылайша командалар 4:4 есебіне қанағат білдірді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, жолдастық кездесуден түскен қаржы қайырымдылық мақсатқа жұмсалады.