Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті сайланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Қазақстан футбол федерациясының сайлау конференциясы өтті, жиында Әділет Барменқұлов федерацияның жаңа президенті болып сайланды. Оған 14 дауыс берілді, деп хабарлады forbes.kz.
Дауыс беру құпия түрде өтті. Дауыс беруге Қазақстан футбол федерациясының 26 мүшесі қатысты. ҚФФ-ның әрбір мүшесі бір дауысқа ие.
Конференция жұмысына "Қазақстан футбол федерациясы" қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінен делегаттар, сондай-ақ ҚФФ атқарушы комитетінің мүшелері қатысады.
Айта кетері, федерация президенті лауазымына бес адам үміткер болды: Давид Лория, Әділет Барменқұлов, Берік Қаниев, Қайрат Оразбеков және Ерлан Жарылқасынов.
Қаниев 11 дауыс, Лория – 1 дауыс жинады, қалған кандидаттарға дауыс берілмеді.
Барменқұлов туралы оның бизнесмен екені белгілі, "Шахтердың" директорлар кеңесін басқарады. Ұзақ жыл бойы федерацияның қазіргі басшысы Әділбек Жақсыбековпен түрлі бағыт бойынша жұмыс істеп, былтыр жазда оның кеңесшісі қызметін атқарды.