9 Тамыз 2026, 01:49 Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Қазақстан Firebird AI компаниясының негізгі нарығына айналды: Екібастұзда 125 МВт-тық AI-инфрақұрылым салынып жатыр

Жоба Қазақстан Үкіметінің қажетті келісімдерін, сондай-ақ АҚШ Сауда министрлігінің Өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросынан (BIS) тиісті технологияларды жеткізуге қажетті экспорттық рұқсат алды.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Арменияның Раздан қаласында Firebird компаниясының AI-кампусының бірінші кезеңінің ресми ашылу рәсіміне қатысты.

Іс-шараға сондай-ақ Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян, бейнебайланыс арқылы қатысушыларға сөз сөйлеген NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг, NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредян, АҚШ Үкіметінің, халықаралық технологиялық компаниялардың өкілдері, инвесторлар және салалық сарапшылар қатысты.

Firebird компаниясының жаңа нысаны өңірдегі NVIDIA DSX архитектурасы негізінде жұмыс істейтін ең ірі AI-фабрикаға айналды. Компания 2027 жылдың соңына қарай Армениядағы инфрақұрылымын NVIDIA Rubin және Blackwell GPU-ларының 70 мыңнан астамына дейін және есептеу қуатын 300 МВт-қа дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Қазақстан компанияның екінші нарығына айналды. Қазіргі уақытта Firebird Екібастұзда жобаның операторы – «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, қуаты 125 МВт болатын Data Center Valley жобасын дамытып жатыр.

Жоба Қазақстан Үкіметінің қажетті келісімдерін, сондай-ақ АҚШ Сауда министрлігінің Өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросынан (BIS) тиісті технологияларды жеткізуге қажетті экспорттық рұқсат алды.

NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг өз сөзінде Қазақстанды жеке атап өтті:

Firebird компаниясымен бірлесіп, Армения мен Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту үшін зерттеушілерге, стартаптар мен индустрияға қажетті есептеу базасын ұсынатын, елдердің ішінде жасанды интеллект әзірлеуге, халықаралық инноваторларды тартуға және жаһандық AI-экономикаға қатысуға мүмкіндік беретін AI-инфрақұрылым құрып жатырмыз.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, мұндай жобаларды дамыту Қазақстанның жасанды интеллектінің өзіндік инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз өзіміздің AI-инфрақұрылымымызды кезең-кезеңімен қалыптастырып келеміз. Қазақстанда ірі есептеу қуаттарын орналастыруға қажетті энергетикалық база, аумақ және дамыған цифрлық экожүйе бар. Біздің міндетіміз – жаһандық технологиялық серіктестерді тартумен қатар, ел ішінде жасанды интеллектіні, зерттеулерді, стартаптарды және жаңа цифрлық сервистерді дамыту үшін толыққанды орта қалыптастыру, – деді Жаслан Мәдиев.

Мұндай экожүйені қалыптастыру тек дата-орталықтар салуды және есептеу қуаттарын дамытуды ғана қамтымайды. Қазақстан халықаралық цифрлық байланыстылықты да қатар күшейтіп келеді. Атап айтқанда, Еуропа бағытына жоғары жылдамдықты деректерді беру жаңа маршрутын қалыптастыратын және ірі дата-орталықтар мен AI-жобалар үшін маңызды инфрақұрылымдық негіз болатын Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске асыру жобасы жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар Қазақстанда халықаралық компаниялардың деректері мен цифрлық инфрақұрылымын қауіпсіз орналастыру үшін жағдай жасау бойынша жұмыс жүргізілуде, сондай-ақ жаһандық технологиялық бизнес үшін реттеуші орта жетілдірілуде.

Firebird халықаралық нарықтардағы экспансиясын жалғастыруды жоспарлап отыр. Компания 2028 жылдың соңына қарай Армения, Қазақстан және басқа да нарықтардағы жаһандық AI-инфрақұрылымының жиынтық қуатын 2 ГВт-қа дейін жеткізуді көздейді.

Сондай-ақ Firebird NVIDIA компаниясының компанияға инвестиция салуға ниетті екенін хабарлады. Бұған дейін Firebird компаниясының инвесторларының бірі CoreWeave болған. Компанияның мәліметінше, тартылған инвестициялар жаһандық AI-инфрақұрылымды жедел дамытуға бағытталады.

Осылайша, Қазақстан жоғары өнімді есептеу қуаттарының қалыптасып келе жатқан халықаралық желісінің бір бөлігіне айналып, AI-инфрақұрылымды дамытуға арналған өңірлік алаң ретіндегі өз позициясын нығайтып келеді.

Айта кетейік, Firebird Inc. – AI бұлтты шешімдері мен инфрақұрылымы саласында жұмыс істейтін, халықаралық нарықтарда масштабталатын GPU-инфрақұрылымды дамытатын америкалық компания.