Қазақстан FIFA рейтингіндегі І және соңғы орындағы құрамалармен кездеседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек алдағы екі ойынға қатысатын футболшылардың тізімін жариялады. Жалпы саны 24 футболшы бар.

Бұл жолы тізімге Роман Мұртазаев, Алексей Щеткин, Елдос Ахметов, Еркебұлан Тұңғышбаев, Серікжан Мұжықов секілді жиі шақырылып жүрген футболшылар енбей қалған. Есесіне, осы маусымда премьер-лигада көзге түсіп жүрген Тоқтар Жаңғылышбай, Абат Айымбетов, Александр Марочкин, Олжас Керімжанов мүмкіндік алған. 

«Мен Щеткин мен Мұртазаевты құрамаға қосар едім. Алексей осы маусымда «Ордабасы» сапында жиі алаңға шығып жүр. Қазақстандық шабуылшылардан өзге ешкімді көріп тұрған жоқпын. Орталық қорғанысқа Марк Гурманды ойнатуға болушы еді. Өйткені, Бельгия құрамасының шабуылы жойқын. Дәл қазір Қазақстан құрамасының ең мықты тұсы – қорғаныс. Шабуылды ұйымдастыратын Мұжықов пен Мұртазаевтар жоқ. Екеуі де тәжірибелі, ойынды күшейтетін футболшылар. Зайнутдинов «Ростов» сапында ойын практикасы аз футболшылардың бірі. Сондықтан оған қатты сенім артудың қажеті жоқ», - дейді қазақстандық футбол сарапшысы Юсуп Щадиев. 

Толық тізім мынандай:

Қақпашылар: Стас Покатилов («Қайрат»), Дмитрий Непогодов («Ордабасы»), Игорь Шацкий («Шахтер»); 

Қорғаушылар: Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко, Дмитрий Шомко (бәрі де – «Астана»), Гафуржан Сүйімбаев, Ян Вороговский( екеуі де – «Қайрат»), Александр Марочкин («Қайсар»), Сергей Малый, Темірлан Ерланов (екеуі де – «Ордабасы»), Олжас Керімжанов («Жетісу»); 

Жартылай қорғаушылар: Юрий Перцух («Астана»), Бауыржан Исламхан, Георгий Жуков, Исламбек Қуат (бәрі де – «Қайрат»), Асхат Тағыберген («Қайсар»), Александр Меркель («Хараклес», Голландия), Максим Федин, Азат Нұрғалиев (екеуі де – «Тобыл»), Бақтиер Зайнутдинов («Ростов», Ресей); 

Шабуылшылар: Бауыржан Тұрысбек («Тобыл»), Абат Айымбетов («Ақтөбе»), Тоқтар Жаңғылышбай («Ордабасы»). 

Жаттықтырушылар штабы: 

Михал Билек – бас жаттықтырушы;
Михал Хипп – бас жаттықтырушының ассистенті;
Талғат Байсуфинов – бас жаттықтырушының ассистенті;
Николай Родионов – қақпашылар бапкері;
Марат Еслямов – дене дайындығы бойынша жаттықтырушы;
Тадеуш Переход – дәрігер;
Евгений Карнаухов – массажист;
Алексей Гудзев – массажист; 
Дмитрий Николаев – массажист;
Тимур Құсайынов – талдаушы;
Бауыржан Елденбаев – бейнеоператор;
Максим Шауберт-кит – менеджер; 
Александр Брейткрейц – әкімші. 

Қазақстан алдымен 8 маусымда Брюссельде Бельгия құрамасымен кездеседі. Ал 11 маусымда «Астана-Арена» стадионында Сан-Мариноны қабылдайды. 

Қазақстан мен Бельгия құрамалары бұған дейін 4 рет кездескен. Еуро-2008 тунирінің іріктеу кезеңінде екі ойында да тең аяқталған. Брюссельде есеп ашылмаса, Алматыда 2:2 есебі тіркелген болатын. Одан кейін Еуро-2012 додасының іріктеу кезеңінде Бельгия екі ойында 6 ұпай еншіледі. Астанада 2:0 есебімен жеңсе, өз алаңында 4:1 есебімен ойсырата ұтты. 

Сан-Мариномен біздің құрама алғаш рет кездескелі тұр. 

Айта кететін жайт, FIFA рейтингінде Бельгия құрамасы бірінші орынға орналасқан. Сан-Марино ең соңғы 211-орында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы