Қазақстан Фермерлері Қауымдастығы халыққа үндеу жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Фермерлері Қауымдастығы халыққа үндеу жасады.

Біз, Қазақстандағы 52 мыңнан астам фермерді біріктірген Қазақстан фермерлері қауымдастығы, биыл 5 маусымда өтетін Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша жарияланған референдумға өз үнімізді қосамыз.

Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында саяси жаңғыру туралы ауқымды бағдарлама ұсынды. Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты – халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындаған мәселе – саяси жүйемізді түбірімен өзгерту болды. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата Заңымызға өзгерістер енгізу қажет.

Мемлекет басшысы Қазақстанның одан әрі дамуы саяси реформаларсыз мүмкін емес екенін мәлімдеді. Осы бағытты ұстанып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатын жүзеге асыра отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша референдум жариялады.

Қауымдастық қазіргі қолданыстағы Конституция – мемлекеттік құрылымды айқындайтын, азаматтардың өмірінің барлық салаларын реттейтін және барлық деңгейдегі заңдардың одан әрі қабылдануына негіз болатын басты құжат болса, Референдум тікелей демократия құралы, азаматтардың ерік-жігерінің маңызды процесі екенін атап жазған.

Ол қоғамда қалыптасқан қағидаттарды өзгертетін шешімдерді қабылдауға халықты тарту арқылы жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады. Еліміздің одан әрі даму бағытын азаматтар шешуі керек. Оның үстіне, осындай маңызды мәселені референдумға шығару – биліктің халыққа деген сенімінің көрсеткіші, билік пен әрбір азаматтың өзара іс-қимыл көпірлерін құрудың өлшемі. Референдум өткізу – биліктің ғана емес, халқымыздың кемелділігінің көрсеткіші. Біз бәріміз бір ел болып Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құрамыз, әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәріне бірдей мүмкіндік беріледі. Әркім қарым-қабілетіне сай қоғамнан өз орнын иеленеді. Халықтың ой-санасы жаңғырып, өмір салты өзгереді. Біз мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз.

Қауымдастық өкілдері конституциялық реформа елдегі барлық жоспарды табысты жүзеге асыру үшін қажет деді. 

Қазіргі реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайту. Біз референдумға елдің ертеңі, ұрпақтың келешегі үшін қатысамыз, ұлт мүддесіне сай бастамаларды қолдаймыз. Референдум бойынша Ата Заң баптарының үштен бірі өзгереді. Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады. Ал мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асырылуы тиіс. Алдағы референдум Қазақстанның болашағын айқындайды. Конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын айтарлықтай күшейтеді. Үйлесімді және теңгерімді жүйені нығайтады. Мәслихаттар ықпалын арттырады. 

Конституцияның жаңарған нұсқасында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекіту көзделген. Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады.

Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата Заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр. Алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді.

Сонымен қатар аграрлы Қазақстанның алдағы жетістіктері үшін де Конституциялық реформаның оң өзгеріс әкелетінін жазды.

Біз аграрлы мемлекетпіз. Қазақстанның геосаясаттағы артықшылығы оның аграрлық мемлекет құруында, яғни тамақ өндіру арқылы біз қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете отырып, әлемдегі ерекше орнымызды айқындаймыз. Осы күнге дейін осы конституциямыздың, еліміздегі бейбітшіліктің арқасында шаруашылығымызды игеріп, шамамызға қарай дамып келеміз.

Агросаясатта жағдай тұрақсыз болса да, саламыз мемлекеттің қолдауынсыз қалған емес. Президент те, Үкімет те бұл салаға айтарлықтай көңіл бөледі. Ол алдағы уақытта одан да әрі қарқынды дамиды деген ойдамыз. Елдегі бейбітшілік арқасында фермерлер қанша азаматқа жұмыс орнын тауып беріп жатыр, елде тыныштық болса әлі де талай жұмыс орнын ашады. Ал осының барлығы ел тыныштығының діңгегі Конституциямыздың мығым болуының арқасында. 

Біз Жаңа, әділетті Қазақстанды дамытқанда ғана қарыштап алға дамимыз, тұтынушы елден өндіруші елге айналамыз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы