Қазақстан еуропалық істер министріне виза бойынша ұсыныс жасады
Бұл жайында Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз бүгін мәртебелі қонағымызбен екі ел азаматтарының арасындағы байланыстарды кеңейту жолдарын талқылауға үлкен мән бердік. Люксембург азаматтары басқа еуропалықтармен қатар Қазақстанға туристік немесе іскерлік виза ресімдемей келе алады. Бұл жерде біз әділетті болуымыз керек сияқты. Шенген келісіміне Люксембург аумағында қол қойылғанын ескеріп, Ассельборн мырзадан Еуропа Одағымен Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді либерализациялау мәселесі төңірегінде басталатын ресми консультацияларға қолдау көрсетуді сұрадым, - деді Мұрат Нұртілеу.
Министрдің айтуынша, Люксембург біздің еуропалық институттармен диалог аясында «қолдаушыларымыздың» бірі болып қала береді.
Оның үстіне, мұндай құрылымдардың бір бөлігі Люксембургтің өзінде орналасқан. Қорытындылай келе, министр Ассельборн мырзаға келіссөздер барысында саяси диалогты, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге деген біздің ниетімізді қолдап, оны екі ел үшін ортақ мақсат деп қуаттағаны үшін алғысымды білдіремін, - деді Сыртқы істер министрі.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Люксембург Ұлы Герцогіне Қазақстан Люксембург компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын екенін айтқан еді.