Қазақстан еуропалық бағдарламаны қаржыландыруды төрт есеге арттырды
Қаржы көлемі 338,6 мың еуродан 1,44 млн еуроға дейін өсті.
Қазақстанның «Horizon Europe» еуропалық бағдарламасына қатысуына қатысты жаңартылған мәліметтер ресми түрде жарияланды.
2025 жылдың соңымен салыстырғанда тартылған қаржы көлемі 338,6 мың еуродан 1,44 млн еуроға дейін өсіп, төрт еседен астам артты.
Сондай-ақ қол қойылған гранттар саны 18-ден 22-ге дейін ұлғайды. Қазақстандық ұйымдардың жобаларға қатысу көрсеткіші 26-дан 33-ке, ал бірегей ұйымдар саны 16-дан 22-ге жетті.
Жобалық белсенділікте де оң динамика байқалады. Берілген өтінімдер саны 113-тен 170-ке дейін, ал бағдарлама критерийлеріне сәйкес келетін өтінімдер (eligible proposals) саны 83-тен 121-ге дейін өсті.
Сонымен қатар халықаралық жобаларды бағалауға қазақстандық мамандардың қатысу аясы кеңейді. «Horizon Europe» өтінімдерін сараптауға тартылған отандық сарапшылар саны екі адамнан төрт адамға дейін көбейді.
Жаңартылған көрсеткіштер қазақстандық ұйымдар мен зерттеушілердің Еуропалық Одақтың ғылым және инновациялар саласындағы ең ірі бағдарламаларының бірі аясындағы белсенділігі артқанын айғақтайды.