Қазақстан Еуропадан Грузия арқылы авиакеросин импорттай бастады
Қазақстан Әзербайжан, Түрікменстан және Қытайдан авиакеросин импорттау мүмкіндігін қарастырып жатыр.
«ҚазТрансОйл» АҚ-ның Грузиядағы шетелдік активі - Батуми мұнай терминалы сегіз жылдық үзілістен кейін авиациялық керосинді қайта тией бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ ұлттық оператордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, терминал еуропалық мұнай өңдеу зауыттарында өндірілген JET A1 маркалы авиациялық отынды өңдеуге кіріскен.
Көлемі 10 мың тонна болатын авиациялық керосиннің алғашқы партиясы терминалға Қара теңіз арқылы теңіз көлігімен жеткізілді. Жүк қоймаға орналастырылды және Қазақстанға теміржол көлігімен жөнелтілуді күтіп тұр.
JET A1 отынын қайта тиеуді жаңғырту Батуми мұнай терминалының мүмкіндіктерін кеңейтеді және оның Орталық дәліз (Средний коридор) арқылы тасымалдаудағы рөлін нығайтады. Қазақстанға авиациялық отынды тұрақты жеткізу азаматтық авиацияны дамыту және елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды, - деп атап өтті «КазТрансОйл» АҚ.
Сонымен қатар, Батуми мұнай терминалы мұнай, мазут, дизель отыны, бензин, керосин, сұйытылған газ және басқа да құйылатын мұнай жүктерін қайта тиеуді жүзеге асырады.
Жаңа жеткізушілерді іздеу
Авиациялық керосинді қайта тиеудің жандануы Қазақстанның авиаотын бойынша жаңа бағыттар мен жеткізушілерді іздеуі аясында орын алып отыр.
Бұған дейін Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов Ресейдің Қазақстанға авиациялық отын экспортының көлемін қысқартқанын хабарлаған болатын: жоспарланған 300 мың тоннаның тек 186 мың тоннасы ғана жеткізілген.
Осыған байланысты Қазақстан Әзербайжан, Түрікменстан және Қытайдан авиакеросин импорттау мүмкіндігін қарастырып жатыр, сондай-ақ басқа да шетелдік жеткізушілермен келіссөздер жүргізуде.
Жеткізу көздерін әртараптандыру
Осы жағдайда үкімет үшінші елдерден келетін бензин, дизель және авиациялық отынға импорттық баж салығын алып тастауды қоса алғанда, жеткізу көздерін әртараптандыру шараларын да қарастырып жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, Қытайдан жеткізілетін отын жақын арада ресейлік отынды толығымен алмастыра алмайды. Алайда ол қосымша жеткізу көзіне айналып, Қазақстанның Ресей нарығындағы жағдайға тәуелділігін төмендетуге қауқарлы.
Дәл осындай жағдайда Батуми мұнай терминалы арқылы авиациялық керосинді қайта тиеуді жаңғырту - логистиканы әртараптандырудың және Қазақстанды авиаотынмен тұрақты қамтамасыз ету үшін көлік бағыттарын нығайтудың бір элементі ретінде қарастырылады.