Бүгiн 2026, 18:32 Фото: NU баспасөз қызметі/Богдан Куделя

Қазақстан Еуразияның білім хабына айнала ала ма?

Елордада өткен форумда университеттердің жаңа дәуірдегі рөлі, жасанды интеллект және Еуразиядағы білім кеңістігінің келешегі талқыланды.

Астанада өткен Еуразиялық жоғары білім көшбасшылары форумы (EHELF) университеттердің болашағы, жасанды интеллектінің ықпалы және өңірлік білім кеңістігінің келешегі туралы маңызды сұрақтарды күн тәртібіне шығарды. Бес жылдық үзілістен кейін қайта жанданған форумға жоғары оқу орындарының басшылары, халықаралық ұйымдар өкілдері, сарапшылар мен зерттеушілер жиналып, жоғары білімнің жаңа дәуірдегі рөлін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Технологиялардың қарқынды дамуы, жасанды интеллектінің кең таралуы, климаттың өзгеруі мен геосаяси тұрақсыздық қоғамның барлық саласына әсер етуде. Мұндай жағдайда университеттер тек білім беретін мекеме болып қалмай, қоғамдық өзгерістердің қозғаушы күшіне айналуға тиіс деген ортақ пікір айтылды.

Университеттердің жаңа миссиясы

Биылғы форум «Біз қалыптастыратын болашақ» тақырыбымен өтті. Бұл кездейсоқ таңдалған атау емес. Қатысушылар жоғары оқу орындарының ендігі міндеті маман даярлаумен ғана шектелмейтінін, олардың қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін институтқа айналып келе жатқанын атап өтті.

Nazarbayev University президенті профессор Вакар Ахмад қазіргі заман университеттері өзгерістерге бейімделумен қатар, сол өзгерістерді қалыптастыруға да атсалысуы керек екенін айтты.

Осындай жағдайда университеттер өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, болашақты қалыптастыруға да үлес қосуы тиіс. Орталық Азияда жоғары оқу орындары қоғам мен экономиканың дамуына жауапты. Құрылған күннен бастап Nazarbayev University зерттеу, инновация және серіктестікке негізделген жаһандық академиялық экожүйені қалыптастырып келеді, – деді ол.

Оның айтуынша, университеттердің алдында тұрған міндеттер қоғам мен мемлекет бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлерден бөлек емес. Сондықтан жоғары білім жүйесі климаттың өзгеруі, энергетикалық қауіпсіздік, кедейлікті азайту, цифрландыру және жасанды интеллект секілді өзекті мәселелерді шешуге белсенді араласуы қажет.

Жасанды интеллект жарысында кім алда болады?

Форумдағы басты тақырыптардың бірі – жасанды интеллект болды. Сарапшылардың пікірінше, алдағы онжылдықтарда елдердің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен білім сапасы мен технологиялық әлеуетіне байланысты анықталады.

Вакар Ахмад Қазақстан үшін жасанды интеллектіні дамыту стратегиялық басымдыққа айналғанын атап өтті.

Жасанды интеллект – әлем мен өңір үшін орасан зор мүмкіндік. Сонымен бірге ол жаңа міндеттер мен жауапкершілік жүктейді. Қазақстан бұл бағытты стратегиялық басымдық ретінде қарастырып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елде жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді түрлі салаларға енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде, – деді білім ордасының президенті.

Осы мақсатта Назарбаев Университетінде Компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект мектебі құрылған. Оған Қазақстандағы алғашқы егемен жасанды интеллект моделін әзірлеуге қатысқан профессор Атакан Варол жетекшілік етеді.

Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллект саласындағы табыс тек технологиялық шешімдерге ғана емес, сапалы білім беру жүйесіне де байланысты. Сондықтан мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін цифрлық құзыреттерді дамыту мәселесі ерекше маңызға ие.

Еуразия үшін жаңа мүмкіндік

Форум аясында жоғары білімнің жаһандық картасындағы өзгерістер де кеңінен талқыланды.

Ұзақ жылдар бойы Орталық Азия елдерінен шыққан дарынды жастардың басым бөлігі АҚШ пен Еуропа университеттерін таңдады. Алайда соңғы жылдары әлемдік білім кеңістігінде жаңа үрдістер байқала бастады. Геосаяси өзгерістер, экономикалық факторлар және халықаралық білім беру нарығындағы трансформация көптеген елдерді жаңа бағыттар іздеуге мәжбүр етуде.

Осыған байланысты Еуразия кеңістігі үшін жаңа мүмкіндік пайда болып отыр.

Бізде жоғары білімнің өңірлік орталығына айналу мүмкіндігі бар. Өңірде мықты университеттер қалыптасып келеді. Біз студенттерге сапалы білім мен жан-жақты академиялық тәжірибе ұсына аламыз. Әлем тарихында ешбір мемлекет пен қала сырттан таланттарды тартпайынша тұрақты дамуға қол жеткізген емес. Бұл қағида Қазақстанға да қатысты, – деді Вакар Ахмад.

Сарапшылардың пікірінше, білім саласындағы халықаралық бәсеке күшейген сайын студенттер үшін жаңа бағыттар пайда болады. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан географиялық орналасуы, салыстырмалы тұрақтылығы және халықаралық білім беру жобалары арқылы өз мүмкіндігін пайдалана алады.

Университеттер тұрақты дамудың қозғаушы күшіне айнала ма?

Форумның тағы бір маңызды бағыты тұрақты даму мәселесіне арналды. Қатысушылар университеттердің экологиялық жауапкершілік, әлеуметтік әділеттілік және тең мүмкіндік қағидаттарын өз қызметінің барлық бағытына енгізуі қажет екенін айтты.

Әңгіме тек білім беру бағдарламалары туралы емес. Университеттердің басқару жүйесі, ғылыми зерттеулері, өндіріс пен қоғаммен байланысы да осы қағидаттарға негізделуге тиіс.

Форум қонағы, геоэкономика және жаһандық даму мәселелерін зерттеуші Норберт Чизмадиа Орталық Азияның алдында тұрған сын-қатерлер мен мүмкіндіктер қатар жүретінін атап өтті.

Бүгінде әлем бетпе-бет келіп отырған көптеген сын-қатер Орталық Азияда да байқалады. Алайда бұл өзгерістер жаңа мүмкіндіктер мен инновациялық дамуға жол ашып отыр, – деді Норберт Чизмадиа.

Оның пікірінше, өңірдегі мемлекеттер ғылыми әлеуетті, инновацияны және адами капиталды дамыту арқылы жаһандық өзгерістерден ұта алады.

Білім арқылы қалыптасатын болашақ

Форум барысында айтылған пікірлер бір ортақ ойға тоғысты: болашақта елдердің табысы табиғи ресурстармен емес, білім мен технологияны қаншалықты тиімді пайдалана алатынымен өлшенеді.

Сондықтан университеттердің рөлі бұрынғыдан да арта түспек. Олар енді тек диплом беретін ұйым емес, ғылыми жаңалықтар жасайтын, инновацияны дамытатын, таланттарды тәрбиелейтін және қоғамның ұзақ мерзімді дамуына ықпал ететін стратегиялық орталықтарға айналуда.

EHELF форумының Астанаға қайта оралуы да осы өзгерістердің белгісі іспетті. Қазақстан жоғары білім мен ғылымды дамыту арқылы Еуразиядағы жаңа білім орталықтарының біріне айналуға ұмтылып отыр. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін университеттер, мемлекет және бизнес бірлесе жұмыс істеуі қажет. Форумда көтерілген мәселелердің түйіні де дәл осыған саяды.