Қазақстан-Эстония ынтымақтастығын нығайту перспективалары талқыланды

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Таллиннге жұмыс сапарымен барып, Эстония Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Йонатан Всевиовпен және Парламенттегі Эстония-Қазақстан достық тобының төрағасы Вадим Белобровцевпен кездесулер өткізді.

Эстония СІМ-де өткен кездесуде, тараптар Қазақстан-Эстония саяси диалогын дамыту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды талқылады. Сонымен қатар, ведомствоаралық байланыстар мен іскерлік, мәдени және білім беру алмасуларды дамытуға жәрдем көрсету бойынша мәселелер қарастырылды. Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Р.Василенко ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің тиімді іске асырылуына баса назар аударып, Еуропалық Одақпен стратегиялық серіктестіктің маңыздылығын атап өтті.

Эстондық депутатпен өткен кездесу барысында, Р.Василенко Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалардың барысы, атап айтқанда, жаңа сайлау жүйесі, парламентаризм мен көп партиялықты нығайту жөніндегі шаралар туралы хабардар етті. Тараптар парламенттік дипломатияны ілгерілету мүмкіндіктерін және парламентшілерді екіжақты ынтымақтастық саласына одан әрі тарту жолдарын талқылады. Осыған орай, Эстония достық тобы делегациясының Қазақстанға сапарын ағымдағы жылдың соңына дейін пысықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сапар аясында, Р.Василенко сондай-ақ Леннарт Мери атындағы конференцияға қатысып, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді шешуге қазақстандық көзқарасты ұсынды.

Қазақстан мен Эстония арасындағы өзара сауда көлемі 2023 жылы 29%-ға ұлғайып, 157,5 млн АҚШ долларын құрады, соның ішінде экспорт – 78,1 млн долл., импорт – 79,4 млн долл.

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда Эстония капиталының қатысуымен 74 кәсіпорын қызмет етеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы