Қазақстан-Эстония Үкіметаралық комиссиясының 7-ші отырысы өтті
Эстония астанасы Таллинде Қазақстан-Эстония Үкіметаралық комиссиясының 7-ші отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға Қазақстаннан мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен бизнестен 50-ге жуық делегат қатысты.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, сондай-ақ білім беру саласындағы екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын талқылады.
Отырыс аясында Эстония инфрақұрылым министрі В. Светпен екіжақты кездесу өткізілді. Транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтуге және Қазақстан мен Эстония арасындағы, оның ішінде, теңіз порттары арқылы логистикалық байланыстарды жақсартуға ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, Көлік министрі бірқатар эстониялық Eesti Raudtee, Muuga Grain Terminal, Skinnest Groupp сияқты ірі компанияларының, сондай-ақ Sillamae және Таллин порттарының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулердің қорытындысы бойынша Эстондық бизнеспен дамудың перспективалық бағыттары айқындалды.
Отырыс қорытындысы бойынша көлік-логистика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі нақты қадамдарды, сондай-ақ экономикадағы, цифрландырудағы, білім берудегі және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі уағдаластықтарды қамтитын Хаттамаға қол қойылды.
Комиссияның келесі отырысын 2026 жылы Астана қаласында өткізу жоспарлануда.