Қазақстан-Эстония сауда-экономикалық ынтымақтастығы артып келеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жергілікті экономиканың ауыл шаруашылық, қаржы, машина жасау және химия секторларын қамтитын эстондық компаниялар Эстонияның Сауда-өнеркәсіп палатасы, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы және екі елдің елшіліктері ұйымдастырған қазақстандық нарықтың инвестициялық әлеуетін көрсету жөніндегі вебинарға қатысты.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстан экономикасының жекелеген секторларының перспективаларымен, Қазақстанның инвестициялық саясатымен, тауашалық бағыттарымен және елдегі бизнесті жүргізу жағдайларына қатысты басқа да іс жүзіндегі ақпараттармен танысты.
Қазақстан елшісі Нұрлан Сейтімов өз сөзінде еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға көмектесетін Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы айтып, Қазақстан-Эстония сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту жоспарларын жариялады.
Өз кезегінде «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының жоба менеджері Анара Мекебаева Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру және шетелдік инвесторларға түрлі преференциялар қолдану туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен қатар компания өкілдері эстониялық кәсіпкерлердің қазақстандық нарықта жұмыс істеудің белгілі бір ережелеріне қатысты өзекті сұрақтарына жауап берді.
Тараптар бірлескен инвестициялық вебинарлар ұйымдастыру тәжірибесін жалғастыруға келісті, бұл ынтымақтастыққа өзара қызығушылықтың артуына байланысты болып отыр. Эстонияның Қазақстандағы Елшісі Тоомас Тирстің айтуынша, «Қазақстан елеулі өзгерістерді бастан кешіруде және Эстонияның Орталық Азиядағы ең ірі серіктесі болып табылады». Осындай пікірді Эстония Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері де білдірді.
Эстония кәсіпорындарының Қазақстанға қызығушылығы артып, екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстар да артып келеді, - деді Эстония Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы өкілдігінің басшысы Маргус Ильмъярв, ол 2022 жылдың мамыр айында жоспарлап отырған эстондық кәсіпкерлер делегациясының Алматы қаласына сапарын басқарады.