Кеше 2026, 22:57 Фото: gov/kz

Қазақстан Ереванға әуе қатынасын қайта жандандырады

Тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге өзара қызығушылық танытатынын растады.

Қазақстан Республикасы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Армения Республикасының Аумақтық басқару және инфрақұрылым министрі Давид Худатянмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Армения арасындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Көлік саласындағы өзара іс-қимылдың басым бағыттарына, оның ішінде инфрақұрылымды дамытуға, озық технологияларды енгізуге, сондай-ақ жүк тасымалы көлемін арттыруға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар Астана – Ереван және Ақтау – Ереван бағыттары бойынша әуе қатынасын қайта жандандыру мәселесі қаралды. Рейстердің жақын арада іске қосылуы күтілуде, бұл сауда-экономикалық байланысты нығайтуға және туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасайды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілік танытып, өзара іс-қимылға дайын екендерін білдірді.