Қазақстан ЕҚЫҰ-дағы диалог пен қағидаттарды қолдады

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 32-ші отырысына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында қатысушылар Финляндия төрағалығының қорытындыларын қарастырып, ЕҚЫҰ өңіріндегі негізгі қауіпсіздік мәселелерін бағалады, пікір алмасты және Ұйымның институционалдық мәселелерін шешу жолдарын талқылады.

Өз сөзінде Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Хельсинки қорытынды актісі мен Астана декларациясының мерейтойлары ЕҚЫҰ-ның негізін қалаушы қағидаттарының өзектілігін айқын көрсететінін атап өтті. Ол халықаралық қауымдастыққа бұл қағидаттарды қайта қарау емес, бірізді сақтауға саяси ерік-жігер таныту маңызды екенін айтты. Министр ЕҚЫҰ-ның алдын алу, медиация және мониторинг салаларындағы бірегей құралдарын тиімді пайдалануға шақырды.

Е.Көшербаев қақтығыстардың орнына дипломатияны таңдаудың маңыздылығына назар аударып, Қазақстанның халықаралық құқыққа негізделген дипломатиялық жолмен, соның ішінде Украинадағы, Таяу Шығыстағы және басқа өңірлердегі дағдарыстарды шешуді қолдайтынын жеткізді. Сол тұрғыда ол Әзербайжан мен Армения арасындағы Бейбітшілік декларациясына қол қойылуын, сондай-ақ Орталық Азия елдері арасындағы шекара мәселелерін шешудегі прогресті құптады.

Министр Орталық Азияның жаһандық процестерге белсенді қатысатын біртұтас және конструктивті өңірге айналып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Ауғанстандағы тұрақтылық пен орнықты дамудың маңыздылығын атап, Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығын құру қажеттілігін атап өтті. Бұл өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың практикалық құралына айналады.

Экономика және қоршаған орта мәселелеріне қатысты министр өңірлік өзара байланыстықты, жасыл экономиканы дамыту мен экологиялық тұрақтылықты арттыруға күш-жігерді күшейту қажеттігін айтты. Негізгі сын-тегеуріндер қатарында Арал мен Каспий теңіздерінің тартылуы, климаттың өзгеруі, шөлейттену және су тапшылығы мәселелері аталды. Қазақстан 2026 жылғы сәуірде Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит арқылы осы салалардағы шешімдерді белсенді ілгерілетуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, СІМ басшысы ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі аясында Қазақстанның адам құқықтарын, демократияны, заң үстемдігін және гендер теңдігін ілгерілетуге деген міндеттемесін растады. Ол елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды демократиялық реформалар туралы да хабарлады.

Сөз соңында Ермек Көшербаев Қазақстан қауіпсіздік саласындағы диалог пен ынтымақтастық үшін бірегей, инклюзивті платформа ретінде ЕҚЫҰ-ны нығайту үшін Швейцарияның алдағы төрағалығымен және барлық мүше мемлекеттермен белсенді өзара іс-қимылды жалғастыратынына сендірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сыртқы істер министрлігі
Өзгелердің жаңалығы