Қазақстан эпидемия кезінде қажет биофармацевтикалық препараттарды өзі өндіруді жоспарлап отыр
Ведомствоның мәліметінше, құжат биологиялық қауіпсіздік саласындағы технологиялық тәуелсіздікті нығайтуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және мемлекеттік ұйымдарды қажетті биофармацевтикалық өнімдермен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстанда мемлекеттік қажеттілікті қамтамасыз етуге арналған биофармацевтикалық өнімдердің тізбесін айқындау жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі тиісті бұйрық жобасын әзірледі.
Құжат «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заңның талаптарына сәйкес дайындалған. Оның негізгі мақсаты – елге қажетті арнайы биофармацевтикалық өнімдерді айқындап, импортқа тәуелділікті азайту және эпидемиологиялық жағдай күрделенген кезде қажетті препараттардың тұрақты қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Жобаға сәйкес, отандық өндірістің болуы инфекциялық аурулар ошақтары пайда болған жағдайда зертханалардың жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай өнімдер эпидемиологиялық және эпизоотологиялық мониторинг жүргізу, сондай-ақ бейінді зертханалар мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтердің тұрақты дайындығын қамтамасыз ету үшін қажет.
Арнайы биофармацевтикалық өнімдерді ел ішінде өндіруді сақтау импорттық жеткізілімдерге тәуелділікті және соған байланысты тапшылық тәуекелдерін азайтуға тиіс, – деп атап өтті бұйрық жобасын әзірлеушілер.
Бұл мәселе эпидемиологиялық жағдай күрделенгенде, төтенше жағдай кезінде, халықаралық логистикаға шектеу қойылғанда немесе арнайы препараттарға сұраныс күрт артқанда өзекті болмақ.
Отандық өндірістік базаның болуы қажетті жағдайда тиісті өнімді жедел өндіруге және мемлекеттік қажеттілік үшін қор қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ведомствоның мәліметінше, құжат биологиялық қауіпсіздік саласындағы технологиялық тәуелсіздікті нығайтуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және мемлекеттік ұйымдарды қажетті биофармацевтикалық өнімдермен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.
Осылайша, бұйрық жобасы мемлекетке биологиялық қауіпсіздік міндеттерін орындау үшін тұрақты түрде қажет болатын биофармацевтикалық өнімдерді айқындаудың құқықтық негізін қалыптастыруды көздейді.