Қазақстан ЕО-мен ынтымақтастықты дамытады
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету перспективаларын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ сыртқы саяси ведомствоға сілтеме жасап.
Сондай-ақ Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту мәселелері алға қойылып, Еуропалық одақтың негізгі құрылымдарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Өзара басым іс-қимыл бағыттары, оның ішінде көлік және инфрақұрылымдық жобалар, тұрақты даму, энергетикалық әріптестік және тұрақты жеткізу тізбектерін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Еуропалық сыртқы әрекет қызметі (ЕСӘҚ) басқарушы директорының орынбасары Люк Девин және ЕО-ның Сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы өкілі кабинетінің басшысы Вивиан Лоонеламен өткен келіссөздер екіжақты күн тәртібіне арналды. Талқылаулар саяси диалог пен экономикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ алдағы бірлескен іс-шараларға дайындық мәселелерін қамтыды.
Атап айтқанда, бірінші жартыжылдықта Ашхабадта өтетін "Орталық Азия – ЕО" сыртқы істер министрлерінің кеңесіне, Самарқандта өтетін алғашқы "Орталық Азия – ЕО" саммитіне, сондай-ақ Астана халықаралық форумына дайындық мәселелері талқыланды.
Тараптар сирек кездесетін жер металдары, жасыл энергетика және Транскаспий халықаралық көлік дәлізін қоса алғанда, көлік дәліздерін дамыту сияқты стратегиялық маңызды және перспективалы салаларда өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге ортақ қызығушылық білдірді.
Брюссельде өткізілген кездесулердің уақытылы өтуі біздің өзара іс-қимылымыздың кең ауқымдылығымен, ЕО-мен қарым-қатынастарымыздың жоғары динамикасымен, сондай-ақ жаңа Еурокомиссияның сыртқы саяси басымдықтарын қалыптастырумен және геосаяси жағдайдың тез өзгеруімен байланысты. Келіссөздердің мазмұндылығы мен оңды көзқарасы біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыздың ұзақ мерзімді кезеңде жан-жақты дамуына сенім ұялатуда, - деп атап өтті Р.Василенко.
Өңірлік даму мәселелері мен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелері Еурокомиссияның халықаралық әріптестіктер жөніндегі директоры Петерис Устубс пен Еурокомиссардың халықаралық ынтымақтастық және әріптестік мәселелері жөніндегі кабинетінің басшысы Люси Шестаковамен одан әрі талқыланды. Сұхбаттастар бірлескен жобаларды іске асырудың перспективаларын, оның ішінде көлік маршруттарын дамыту, логистиканы жаңғырту және энергетика мен цифрландыру саласындағы тұрақты шешімдерді алға жылжыту мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырды.
Энергетикалық ынтымақтастық және тұрақты жеткізу тізбектері мәселелері де талқылаулардың маңызды бөлігіне айналды. Тараптар жасыл энергетиканы дамыту бағытында келесі қадамдар туралы пікір алмасты, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану аясын кеңейту және төмен көміртекті технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары қарастырылды.