Қазақстан энергия үнемдеуден қанша пайда табады?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің вице-министрі Марат Қарабаев елдегі энергия үнемдеу саясатының қалай жүріп жатқанын айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан энергияны көп қажет ететін елдердің қатарында. Энергия үнемдеу саясатын белсенді ұстанудың арқасында жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын 2008 жылғы деңгейден 38 пайызға төмендетуге қол жеткізілді. Бұл қызметтің басталуы 2012 жылы өнеркәсіп саласын технологиялық жаңғыртуға ерекше рөл берілген түбегейлі жаңа «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заңның қабылдануымен қаланды. Саясаттың заңнамалық негіздерін бекітіп, мемлекеттік энергетикалық тізілім түрінде тиімді құралдар жасай отырып, өнеркәсіп секторының энергия сыйымдылығы 2 есе төмендеді, – деді вице-министр IV Халықаралық энергия үнемдеу Форумында.

Айтуынша, мұндай нәтижелерді энергия аудиттерін жүргізу және энергия үнемдеудің бес жылдық жоспарларын іске асырудың арқасында қол жеткізілген.

Мәселен, 2012 жылдан бастап энергия аудиті өткізілді, олардың қорытындылары бойынша 323 млрд теңге сомасына энергия тиімділігі жөніндегі іс-шаралар іске асырылды, бұл бізге жылына 82 млрд теңге үнемдеуге көмектесті. Бюджеттік секторда энергия тұтынуды азайту үшін Еуропа елдерінің стандарттарына ұқсас ғимараттар, технологиялар, жабдықтар үшін энергия тиімділігі бойынша талаптар енгізілді, энергия сервистік келісімшарттар мен мемлекеттік–жекешелік әріптестік тетіктерін дамыту үшін ынталандыру шаралары, оның ішінде қаржылық шаралар көзделген, – деді Қарабаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы