ЖИ Қазақстандағы энергетикалық ресурстардың шығынын 90%-ға дейін азайтады
Жасанды интеллект жобалары газ тұтынуын болжау, мұнай өнімдерінің айналымын жоспарлау және өндірістік қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Қазақстанның отын-энергетика кешенінде жасанды интеллект қолданылатын үш шешімнің жиынтық экономикалық тиімділігі жылына шамамен 23 млрд теңге деп бағаланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде энергетика саласында жасанды интеллект бағытында 45 жобадан тұратын портфель қалыптастырылған. Оның 34-і қазірдің өзінде енгізу кезеңінде. Жасанды интеллект газ тұтынуды болжау, мұнай өнімдерінің айналымын жоспарлау және энергетика саласындағы өндірістік қауіпсіздікті арттыру бағыттарында қолданылып жатыр.
Бүгінде салада жасанды интеллект бағытында 45 жобадан тұратын портфель қалыптастырылды, оның 34-і енгізу кезеңінде. Газ саласында жасанды интеллект тұтынуды болжау үшін қолданылады. Дәлдігі 86%-ға дейін жетеді. Мұнай-газ саласында жасанды интеллект мұнай өнімдерінің айналымын жоспарлау үшін пайдаланылады. Дәлдігі 85%-ға дейін жетеді, – деді Ерлан Ақкенженов.
Жекелеген бағыттардың бірі – өндірістік нысандардағы қауіпсіздікті арттыру үшін жасанды интеллектіні пайдалану.
Энергетика саласында жасанды интеллект өндірістік қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Оқиғалар санын 78%-ға дейін азайту күтіледі. Үш шешімнің жиынтық экономикалық тиімділігі жылына шамамен 23 млрд теңгені құрайды, – деді министр.
Осындай цифрлық шешімдердің бірі – мұнай-газ саласында цифрлық егіздер технологиясын енгізу. Бұл мұнай өндіру көлемін қосымша 2,9 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Цифрлық егіз – өндірістік нысанның виртуалды моделі. Ол нысанның жағдайын нақты уақытқа барынша жақын режимде бақылауға және өндірістік процестерді талдауға мүмкіндік береді.
Мұнай-газ саласында бұл жүйеге кен орындары, ұңғымалар және өндірістік инфрақұрылым туралы деректер біріктіріледі.
Цифрлық "егіз" – өндірістік нысанның нақты жағдайын көрсететін виртуалды модель. Жоба аясында қабат, ұңғымалар және өндірістік инфрақұрылым туралы деректер бірыңғай жүйеге біріктірілді. Шешімді ауқымды түрде енгізу нәтижесінде мұнай өндіруді қосымша 2,9 млн тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр, – деді Ерлан Ақкенженов.
Технологияны тек мұнай өндіру саласында ғана емес, басқа бағыттарда да қолдану жоспарланып отыр. Астана әкімдігімен бірлесіп, елорданың энергетикалық кешенінің цифрлық егізі әзірленіп жатыр.
Энергетика секторында Астана әкімдігімен бірлесіп, елорданың энергетикалық кешенінің цифрлық егізін әзірлеп жатырмыз. Күтілетін нәтиже – отынды 2,5%-дан астам үнемдеу, – деді министр.
Цифрлық "егіздер" – Digital Qazaqstan стратегиясы аясында отын-энергетика кешенін цифрландырудың негізгі үш бағытының бірі.
Айта кетейік, бұған дейін AI көмегімен 3,2 млн өтініш өңделіп, Қазақстанда 150 қызмет цифрланатыны хабарланды.