3 Қазан 2026, 15:49 Фото: Энергетика министрлігі

Қазақстан энергетика және AI саласында үш халықаралық R&D орталығын құрады

Энергетика министрлігі энергетика және цифрлық технологиялар саласындағы халықаралық R&D ынтымақтастығын кеңейтіп жатыр.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы алаңында энергетика, жасанды интеллект және цифрлық инфрақұрылым салаларындағы халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған үш құжатқа қол қойылды.

Энергетика министрлігі отын-энергетика кешенінің ғылыми-технологиялық әлеуетін және инновациялар, цифрландыру мен озық технологияларды енгізу бағыттарындағы халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді. Бұл жұмыста Салалық технологиялық құзыреттер орталығы (СТҚО) маңызды рөл атқарады.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында Қытайдың жетекші ғылыми және технологиялық серіктестерімен бірлескен R&D орталықтарын құру жөніндегі бастамалар жүзеге асырылып жатыр.

Power China Chengdu Engineering Corporation Limited компаниясымен баламалы және жаңартылатын энергетика саласында бірлескен R&D орталығын құру көзделген. Оның қызметі қолданбалы зерттеулер жүргізуге, инновациялық энергетикалық технологияларды әзірлеп, енгізуге, бірлескен ғылыми-техникалық жобаларды іске асыруға және білікті мамандар даярлауға бағытталады.

Fudan University университетімен бірлесіп ҚазҰУ базасында жасанды интеллектіні қолданудың практикалық бағыттары бойынша Қазақстан-Қытай R&D орталығын құру жоспарланып отыр. Орталық Қазақстан экономикасының негізгі секторларында, соның ішінде энергетика, өнеркәсіп, мұнай-газ саласы, көлік және басқа да бағыттарда AI шешімдерін әзірлеуге, бейімдеуге, сынақтан өткізуге және іс жүзінде енгізуге бағытталады. Стратегиялық индустриялық серіктес ретінде Dominor Partners Limited компаниясының қатысуы қарастырылған. Ол ғылыми әзірлемелерді экономиканың практикалық міндеттерімен байланыстыруды қамтамасыз етеді.

Shenzhen EAGET Innovation Technology Co., Ltd. компаниясымен цифрлық деректерді сақтау технологиялары саласында бірлескен R&D орталығын құру жоспарланған. Ынтымақтастық қолданбалы зерттеулер мен әзірлемелер жүргізуге, деректерді сақтау технологияларын әзірлеп, енгізуге, бірлескен ғылыми-техникалық жобаларды жүзеге асыруға және заманауи цифрлық инфрақұрылым саласындағы құзыреттерді дамытуға бағытталады.

Энергетика министрлігі энергетика саласындағы осы бастамаларды дамытуға үйлестіруші ретінде қатысып, ғылыми қауымдастықпен, халықаралық технологиялық серіктестермен және салалық ұйымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. Ал СТҚО салалық технологиялық кооперацияны ұйымдастырып, қолданбалы шешімдерді кейіннен пилоттық түрде сынақтан өткізуге және енгізуге ықпал етеді.

Бұл бастамаларды іске асыру Қазақстанның отандық ғылыми-технологиялық әлеуетін дамытуға, озық технологияларды трансферттеуге, жоғары білікті кадрлар даярлауға және елдің отын-энергетика кешенінде инновациялық шешімдерді іс жүзінде енгізуге қажетті жағдай қалыптастыруға бағытталған.