Қазақстан ең төменгі жалақыны белгілеу тәсілдерін халықаралық деңгейде бекітеді
Мәжіліс ең төменгі жалақыны белгілеу жөніндегі №131 конвенцияны ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл құжат дамушы елдердің ерекшеліктерін ескере отырып, жұмысшылардың еңбекақысын анықтаудың бірыңғай халықаралық қағидаттарын бекітеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндама жасады.
Конвенцияны ратификациялау Қазақстанға бірқатар артықшылық береді:
• еліміздегі ең төменгі жалақыны есептеу тәсілдерін халықаралық деңгейде заңдастырады;
• Қазақстанның Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) алдындағы міндеттемелерін орындауға адалдығын көрсетеді.
Құжатта мынадай негізгі қағидаттар қарастырылған:
• ең төменгі жалақы жүйесін енгізу және тұрақты түрде қайта қарау;
• әлеуметтік әріптестердің жалақыны белгілеу процесіне қатысуы;
• ең төменгі жалақыны есептеу кезінде экономикалық факторлар мен жұмысшылардың қажеттіліктерін ескеру;
• еңбекақы саласында кемсітушілікке жол бермеу.
Қазақстан 1993 жылдан бастап ХЕҰ-ның толыққанды мүшесі болып табылады және ұйымның еңбек стандарттарын кезең-кезеңімен ұлттық заңнамаға енгізіп келеді. Бұған дейін еліміз еңбек жағдайы, әлеуметтік қорғау және еңбек қауіпсіздігі мәселелерін қамтитын 28 конвенцияны ратификациялаған.
Айта кетсек, №131 конвенцияны бүгінде ХЕҰ-ға мүше 54 мемлекет мақұлдаған. ТМД елдері ішінде бұл тізімде Армения мен Әзербайжан бар.